426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияның көптеген нысандары мен дәстүрлері ЮНЕСКО-ның қорғауында

  • 220
  • UPD: 10:57, 29.06.2020

Тарихты тани түсу, оны түгендеу, мәдени мұраға қызығушылық таныту – адамзаттың жаңа тарихына тән ерекшелік.

Мұның жарқын көрінісі – бүкіл әлемде зерттеу жұмыстары жанданды, мұраны сақтап және оны ұтымды пайдалану жүйеленді. Грузияда, мысалы, осы саланы қорғайтын және реттейтін «Мәдени мұра» туралы арнайы заң да бар. Мәдени мұраларға сәулет ескерткіштері, ұлттық парктерден бөлек, материалдық емес мұралар: грузин дастарханы, көне рецептілер де кіреді. Сонымен қатар көптеген нысандар немесе дәстүрлер ЮНЕСКО Дүниежүзілік ұйымымен қорғалады.

Екінші Иерусалим. Көне грузиндердің астанасы болған киелі Мцхета қаласын көбісі осылай атайды. Оның айырықша қасиеттілігі Әулие Нино есімімен байланысты және христиандық дәл осы жерден тарады деген тарихи деректер бар. Алтыншы ғасырдан бастап, яғни, ел астанасы Тблисиге ауысқанда Мцхета гүржілердің рухани әрі мәдени астанасы деген құрметті атауды иеленіп қалды.

Жанна Чкоидзе, Грузияға саяхаттарды ұйымдастырушы:

- Біз қазір тұрған Светицховели ғибадатханасынан бөлек, қалада 270-тен астам архитектуралық тарихи құрылыстар мен ескерткіштер бар. Біз үшін Светицховели киелі мекен, себебі бұл жерде 4 ғасырда алғашқы христиан храмы тұрғызылды. Аңыз бойынша Мириам патша бұл ғибадатхананы Иса киген ұзын көйлек көмілген жерге салған деседі. Ал, кейін, яғни, 1029 жылы біз қазір тамашалап тұрған ғибадатхана бой көтерді.

Грузияның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне тарихи нысандардан бөлек, дәстүрлі би және полифониялық ән де кіреді. Ал, жақында бұл тізімге чоху, яғни ерлердің ұлттық сыртқы киімі мен сыра қайнату дәстүрі енді. Ғасырлар бойы сыра өндірген таулықтардың технологиясын қазіргі сыра қайнатушылар да жоғары бағалайды.

Ярослав Нигай, сыра қайнататын орынның иесі:

- Бұл аймақтың ерекшелігі көп. Таулар, жүзімнің қол жетімсіздігі, жабайы құлмақ пайдалану дегендей. Таулы аймақта ол барлық жерде өспейді, сол үшін аңғарларға түсіп, оны ірімшікке, терілерге айырбастауға тура келген. Содан кейін процестің өзі, уытты өз қолымен өндіру. Яғни, бидайдың дәнінен уыт өсіруге тура келген. Оның үстіне тау суын, оның ауасын қосыңыз. Мүлдем басқа қысым, сыра да басқаша ашиды.

Материалдық емес мұра - мәдени әртүрлілікті сақтауда маңызды фактор. Әсіресе, қазіргі жаһандану жағдайында. Сондықтан, грузиндер жыл сайын ерекше назар аударуды талап ететін дәстүрлер мен ескерткіштердің тізімін толықтырып отырады. Олардың дені ЮНЕСКО-ның қорғауында.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы