428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда кезбелер мәселесі шешімін таппай тұр

  • 216
  • UPD: 15:44, 29.06.2020

Чехияда көптен бері шешімі табылмай келе жатқан кезбелер мәселесі тағы да көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24.

Бірнеше ай бұрын Прагадағы қонақ үй иелері қаңғыбастарды қабылдауға келіскен. Жергілікті билікпен тиісті келісімшартқа да қол қойылған. Осылайша, кәсіпкерлер басында баспанасы жоқ азаматтарға пандемия кезінде көмек қолын созған еді. Алайда, карантин талаптары жеңілдеп, шекара ашылғанымен, әлеуметтік мәселе шешілген жоқ. Ал, бизнес өкілдері «көше кезгендерді әрі қарай паналатуға мүмкіндігіміз жоқ», деген уәж айтып отыр.

Чехияда кезбелер мәселесінің күрмеуі жылдар бойы шешілмей келеді. Билік өкілдері «арнайы хостел» саламыз деп уәде еткен еді. Алайда, бұл жоспар пандемия кесірінен іске аспай қалды. Салдарынан, үй-күйсіз жүрген кезбелердің жағдайы жығылғанға жұдырық болып отыр. Осы орайда Чехия қонақ үй бизнесі талайға үлгі болған еді. Індет өршіген шақта кәсіпкерлер қайыр сұраушыларды паналатуды ұйғарып, жергілікті билікке ұсыныс жасаған болатын. Мұнда оларға ыстық тамақ пен жатын орын беріліп келді.

Иван Иргл, қонақ үй иесі:

- Бастапқыда үйсіздерді бос тұрған мейрамханалар мен жатақханаларға орналастыру көзделген. Бірақ бұл ғимараттарда жылу да, төсек те жоқ. Біз көмек қолын созуды ұйғардық. Алайда, қазір өзіміз жәрдемге мұқтажбыз. Туристік маусым ашылды. Енді шетелдік саяхатшылар келе бастайды. Кезбелермен көршілес болу олардың көңілінен шықпасы анық.

Тараптар арасындағы келісім 2020 жылдың соңына дейін жасалған. Ел билігі дәл осы уақытқа дейін эпидемиологиялық ахуал тұрақталады деп болжаған еді. Алайда, қазір келісім мерзімі тағы бір жылға ұзартылып отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, шығын өтеліп жатыр. Бірақ шетелдік қонақтарға орын жетіспеуі мүмкін.

Иржи Гамрлик, заңгер:

- Алдын ала болжам бойынша қазір Прагада 2 мыңға жуық баспанасыз адам бар. Әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде орындар жеткіліксіз. Қазір елде індеттің таралуына тосқауыл қойылды. Алайда кезбенің күйін кешкендерді қаңғыртып жіберсек, жағдай қалай болатынын кім біледі. Олар өз денсаулықтарына аса мән бермейді. Сондықтан билік жағдайға түсністікпен қарауды сұрап отыр. Бұл біздің ортақ мүддеміз.

Енді қонақ үй иелері ахуалды бағамдап, шешім қабылдауы тиіс. Кезбелерді Прага маңындағы қараусыз қалған сарайларға орналастыру ұсынылып отыр. Алайда, бұған тарих жанашырлары қарсы. Бұл қадамды олар вандализм әрекеті деп бағалап отыр. Әзірге індеттің таралуын бәсеңдету үшін баспанасыздарға бетперде мен гигиеналық заттар тегін таратылуда. Бұл қайырымды істі волонтерлер қолға алған.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы