417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңдегі аурухана КВИ дертімен сырқаттанып жатқандардың бетін бері қаратты

  • 163
  • UPD: 11:48, 01.07.2020

Бейжіңде өткен түні Ковид-19 жұқтырған тағы 3 адам анықталды. Маусымның 11-інен бастап вирус жұқтығандардың саны 330-ға жетті. Бүгінде ел астанасы эпидемияның жаңа ошағына айналып отыр. Шаһардың бірнеше ауданы әлі де карантин режимінде. Ал аймақ тұрғындары жаппай тестілеуден өте бастады. Қазірдің өзінде 8 млн-нан астам адам тесттен өткен. 

Ботагөз Сырғабаева, тілші :

- Жергілікті билік Бейжіңдегі жағдай жақсарғанына қарамастан індеттің таралу қаупі әлі де бар екенін ескертеді. Соңғы кездері  карантин режимінде отырған тұрғындардың арасынан да вирус жұқтырған жаңа науқастар шығып отыр. Инфекцияға шалдыққандардың барлығы «Дитань» клиникасында ем қабылдауда. Бұл аурухана маусымның 11-інен бері 300-ден астам адамды қабылдап үлгерген. Дертінен құлан таза айыққан алғашқы екі пациент үйіне шықты. Енді олар 2 апта бойы оқшаулануы тиіс. Дәрігерлер жазылғандардың өзіне  туған-туыстарына қатыспауын, қолдарын жиі жуып, бөлмелерін желдетіп отыруға кеңес береді. Сонымен қатар мамандар COVID-19 ауруы анықталған науқастарды қалай емдеп жатқанын да айтты.

У Гоань, «Дитань» ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары: 

- Бір науқасқа қатысты экстракорпоральді мембраналы оксигенация немесе ЭКМО жүйесін қолдандық, ал алты науқасты өкпені жасанды желдету аппаратына қостық. Тағы 17 адам мұрын арқылы оттегін қабылдады. Ауыр халде жатқан 22 дімкәс жанға дерттен айығып шыққан адамдардың донорлық қан плазмасы құйылды.  Олардың 19-ында ауру симптомдары жеңіл түрде өте бастады. Бүгінде бір науқастың жағдайы мүшкіл. Ал 16 адам ауыр халден бірқалыпты орташа халге көшті. 

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Мамандар осы жолы ауыр халде жатқандардың саны қаңтар мен сәуір аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін айтады. Бұған қарамастан ел астанасында тұрғындарды жаппай тестілеуі қолға алынуда. Енді күніне 1 млн-нан астам адам тексеріле алады. Ол үшін шаһарда қосымша зертханалар ашылды. Енді мейрамхана, банк, сауда орындары мен дүкендердің қызметкерлерінен басқа, студенттер мен университеттің қызметкерлері де Ковид-19-ды анықтайтын тест тапсыруы керек. Ал жақында 50 мыңға жуық мектеп түлегі «гаокао» деп аталатын  емтиханын тапсыратын болады. Шараны ұйымдастырушылар коронавирусты анықтайтын тесттен өтпек. Жалпы сарапшылардың пікірінше, пандемияның бірінші толқыны әлі де өзінің шарықтау шегіне жеткен жоқ. Жағдайдың өзгеруі әр мемлекеттің бұл ауруды тоқтатуға бағытталған шараларына байланысты болмақ. 

У Цзунью, эпидемиолог: 

- Әлемде күнде жүздеген мың науқас тіркелуде. Бұл пандемияның бірінші толқыны әлі де біткен жоқ дегенді білдіреді. Жаз мезгілі болса да кейбір қалаларда  аурудың ушығуын көріп тұрмыз. Мысал ретінде бұған Бейжіңдегі жағдай дәлел. Яғни індеттің дендеуі жыл мезгіліне қарамайды. Эпидемияны тек ауруды алдын алу мен бақылау шаралары ғана бәсеңдете алады. Ал егер қатаң шаралар қолға алынбаса вирус қайта өрши бастайды. Науқастардың саны көбейген сайын, ахуал қиындай түспек. Бұлай жалғаса берсе, апатты жағдай орын алады деген сөз. 

Ботагөз Сырғабаева, тілші: 

- Бейжіңде коронавирус індетінің өршуін тоқтату үшін 300 мың әлеуметтік жұмысшы, мемлекеттік қызметкер, партия мүшелері, полицейлер мен волонтерлер жұмылдырылды. Тұрғындарды тестілеу үшін де өзге өңірлерден мамандар тартылды. Қазірдің өзінде 8 млн-нан астам адам тест тапсырып үлгенген. 

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы