418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атақты «Дю Солей циркі» банкрот алдында тұр

  • 161
  • UPD: 18:14, 01.07.2020

Әлемге әйгілі «Дю Солей» циркі банкрот болудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Канадалық компания акцияларын сатылымға қойып, 95 процент қызметкері мен әртістерін қысқартатынын жариялады. Әлемді жайлаған індет салдарынан компания орасан зор шығынға батуда.

Цирк өнерінде көш бастап тұрған әйгілі канадалық «Дю Солей» циркі пандемия басталғалы бірде бір қойылым қоя алмады. Жоспарланған екі дүниежүзілік турне де жүзеге асырылмады. Осы уақыт аралығында алпауыт компанияның қарызы 1 млрд долларға дейін өскен. Компания басшысы банкротқа ұшырау процедурасын бастап кетті. Енді цирктің 3,5 мың қызметкері жұмыссыз қалмақ. 

Даниэль Ламарр, Cirque Du Soleil Entertainment Group атқарушы директоры:

– Реалист болуымыз керек. Қоғамның, жалпы өмірдің бұрынғы тыныс-тіршілігіне қашан оралатыны белгісіз. Өзіміздің бизнес жоспарымызды акционерлерге көрсеттік. Жұмысымызды 2021 жылдың көктеміне дейін жандандыра алмайтынымызды түсіндірдік.

Компания өз активтерін инвесторларға сатқанымен, гастрольдерін қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Осылайша Лас-Вегас қаласындағы ұжымның қысқарылуы әзірге көзделмейді.

Даниэль Ламарр, Cirque Du Soleil Entertainment Group атқарушы директоры:

– Акционерлеріміздің қиын қыстау кезеңде қызметкерлерімізге қолдау көрсететін ұсыныстары бар. Сонымен қатар бюджеті 15 млн доллар болатын қор құрылды. Менің ойымша, алдағы шоуымыз Лас-Вегас қаласында өтеді. Мәселен, көптеген әртісіміз бен ұйымдастырушы тобымыз сол жерде орналасқан.

«Дю Солей» циркінің штаб-пәтері Канаданың Квебек провинциясында орналасқан. Жалпы компанияның қаржылық қиыншылықтары осыдан 5 жыл бұрын басталған еді. Ол кезде «Дю Солейдің» негізін қалаушы компанияның 90 процентін америкалық TPG, қытайдың Fosun мен Квебектің мемлекеттік инвестициялық қорына сатып жіберген. Ал жуырда провинцияның қаржы министрі циркке 200 млн доллар мөлшерінде несие беру туралы жоспарымен бөлісті.

Пьер Фитцгиббон, Квебек провинциясының қаржы министрі:

– Компания Квебек үшін өте маңызды. Қаржылай көмек көрсеткеніміз үшін компания Квебек провинциясында қалуы керек.

Естеріңізде болса, «Дю Солей циркі» «EXPO-2017» көрмесінде де өнер көрсетті. Компания бұрын еш жерде қоймаған жаңа ойын сауық бағдарламасын елордамызда 70 мәрте көрсеткен болатын. 

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы