426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде карантин талаптары қатайтылды

  • 244
  • UPD: 21:44, 02.07.2020

Коронавирус бой бермей тұр. Әлемнің небір азулы елдері қазір шектеу шараларын жаппай күшейтуге кірісті.

АҚШ-тың бірақатар штатында мейрамхана мен кинотеатрлар жабылды, Майамиде коменданттық сағат енгізілді. Ал Австралияда карантиннің орындалу тәртібін бақылау үшін полицейлер қатары артты.

АҚШ-та антирекорд. Соңғы тәулікте Құрама Штаттарда 52 мың адам коронавирусты жұқтырып алыпты. Джонс Хопкинс университеті осылай деп мәлімдеді. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы статистика. Эпидемиологиялық жағдай елдің 14 штатында күрт өскен. Оның қатарында Флорида, Калифорния, Техас, Аризона бар. Індеттің еселенуіне байланысты Оңтүстік Флоридада орналасқан Майами-бичте коменданттық сағат енгізілді. Сондай-ақ өңір мэрі бетперде тағудан бас тартқандарға айыппұл салатынын мәлімдеді. Калифорния штаты 19 округте толықтай көңіл көтеру және сауда орталықтарының жұмысын тоқтатып, тұрғындарды жауапкершілікке шақырды. Шектеу шаралары Аризона штатында да күшейтілді. 

Даг Дьюси, Аризона губернаторы:

- Аризона халқы барынша үйде отыруы керек. Ең қауіпті жер сол. Егер сыртқа қажеттілік болып шықсаңыз, бетперде киюді ұмытпаңыз. Қолды жиі жуып, арақашықтық сақтаңыз. Бүгін вирустың тарауын тоқтату үшін 30 күнге шектеу шараларын қайта енгіздік. Спорт залдары, кинотеатр, саябақтар жабылады. Адамдардың көптеп жиналуына да тыйым салынады. 

Ал індет өршіген Австралияның Виктория штатында полиция қатары күшейтіліп, 36 елді мекенге бақылау-тексеру пункттері қойылды. Соңғы тәулікте мұнда тағы 77 науқас анықталған. Қазір Мельбурнда қатаң карантин. Себебі жақында кеселді жұқтырғандар саны күрт арта бастаған. Енді үйден себепсіз сыртқа шығуға болмайды. Қауіпті аймақтан шыққан немесе кірген тұрғындарға тәртіп сақшылары айыппұл салады. 

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте карантин тәртібі қайта күшейтілді. Шектеу шаралары 1 мен 17 шілде аралығын қамтымақ. Бұған дейінгі жеңілдетулердің барлығы негізсіз болып саналады. Себебі елде індетті жұқтырғандар саны қайта күрт өсе бастаған. Бүгінде Аргентинада 67 мыңнан астам адам ковид-19 ды жұқтырған. 1351 науқас кеселден көз жұмыпты. 

Сильвина Кьярели, жергілікті тұрғын:

- 20 күндей карантин тәртібі жеңілдетіліп, қуанып қалған едік. Енді міне қайтадан шектеу шараларын енгізіп жатыр. Шаршадық, қажыдық. Бірақ жақындарымыздың амандығы үшін барлығына көнуге тура келеді. 

Осылайша әлем елдері біртіндеп карантинге қайта оралды. Себебі әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны бүгін 10,6 млн адамға жетті. 517 мыңы қайтып келмес сапарға мәңгі аттанды. 

Авторы: Жансұлу Дүйсенәли

Хабар 24 телеарнасы