418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британияда кесірлі вирустан өлім-жітім алғаш рет азайды

  • 148
  • UPD: 22:41, 02.07.2020
Британияда кесірлі вирустан өлім-жітім алғаш рет азайды

Ұлыбританияда Covid-19-дан қайтыс болғандар саны алғаш рет кеміп, коронавирусқа дейінгі көрсеткіштерге түсті. Бір апта ішінде тіркелген он мыңнан астам өлім-жітімнің аз ғана бөлігі індетпен байланысты екен. Бірақ Тұманды Альбионға тоқмейілсуге әлі ерте, өйткені елді тағы бір сынақ күтіп тұр. 

Статистикаға сәйкес жеті күн ішінде, яғни маусымның 12-сі мен 19-ы аралығында өлім-жітім азайған. Бұл уақыт ішінде барлығы 10 681 адам бақилық болып, оның 8 процентінің ғана короновируске қатысы бар. Қарттар үйінде көз жұмғандар саны да кеміген. Қазір елдегі жағдай қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.

Мэтт Хэнкок, денсаулық сақтау министрі:

- Біз Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне қолдау білдірдік. Жүкті жұмыла көтеріп, шыдамдылық танытудың арқасында індетті жұқтыру деңгейін төмендетік және вирус шегініп жатыр. Бір ай бұрын, егер шамамен 400 адамның біреуі ауруға шалдыққан болса, қазір 1 700 адамның біреуі ғана науқас.

Бірақ Британия жаңа сынаққа тап болғандай. Елде жұмыссыздық дендеп барады. Өйткені бизнес локдаунның кесірінен қатты әлсіреп қалды. Шектеулер кезең-кезеңмен алынып жатқанымен, тұтынушылар тарапынан сұраныс артпай отыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Әдетте түскі уақытта бұл көшеде сэндвич пен кофе алуға келетін қызметкерлер көп болатын. Бірақ қазір, басқа да қала орталықтарындағыдай, көшелер бос. Және бұл жағдай жуық арада өзгермейтінге ұқсайды.

Мысалы, тек соңғы 48 сағат ішінде 12000 адам жұмыссыз қалып отыр. Қысқартуларға негізінен ірі бөлшек сауда желілері мен әуе тасымалы секторының қызметкерлері ұшырады.

Гийом Фаури, Airbus компаниясының басқарушы директоры:

- Авиация саласы дағдарысқа ұшырады және сипаты мен көлемі жағынан құрылымдық өзгерістерді талап етеді. Бұрынғы қалпымызға қайтып келуіміз үшін үш жыл керек.

Көптеген мекемелер үшін бүгінде үлкен штат ұстап отыру тиімсіз. Қызметкерлерінің көбі үкімет есебінен ақысы төленетін еңбек демалысында. 9 миллионнан астам адамның жалақысының 80 процентін қамтамасыз ететін бағдарлама келесі айдан бастап қысқартылып, қазан айында мүлдем тоқтатылады. Сондықтан қызметкерлерге жұмыстан босату туралы ескертпе қазірден бастап таратылып жатыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы