418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусьте президенттікке үміткерлерді тіркеу басталды

  • 170
  • UPD: 22:17, 07.07.2020

Әдетте бұл кезеңде саяси дода алдындағы тыныштық күні болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Минскіде керісінше, жағдай ушығып кетті. Лукашенконың ең айқын қарсыластарының бірі Валерий Цепкало саяси ойыннан шығып қалды. Сонымен қатар ел ішінде қол жинауға қатысты қауесет тыйылар емес. Кейбір үміткерлер Орталық сайлау комиссиясы бекіткеннен де аз дауыс жинап, екінші кезеңге жолдама алған көрінеді.

Сайлау науқанында кандидаттарға қол жинау оңай болмай тұр. Уақыт өткен сайын саяси дода қыза түсті. Лукашенконың айқын қарсыластарының бірі – Беларусь елінің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі және кремний алқабының негізін қалаушы Валерий Цепкало. Екі үміткер қамауға алынғаннан кейін оның мүмкіндігі арта түскен еді. Саяси ойыннан блогер Сергей Тихановский мен банкир Виктор Бабарико шеттетілді. 

Валерий Цепкало, Беларусь президенттігіне экс-үміткер:

– Беларусь дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығымен айналысатын ел болып есептеледі. Бұл стереотип қазіргі басшылықтың саясаты негізінде қалыптасқан. Оған шошқа, сиыр фермаларына қатысты тақырып жақынырақ әрі түсінікті. Жоғары технологиялар паркі негізінде Беларусь халқы мәжбірлеусіз жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Олар шығармашылық адамы болуы мүмкін, британдықтар, америкалықтар, қытайлар және жер бетіндегі басқа да халықтар сияқты табысы толағай ел бола алады.

Валерий Цепкалоның айтуынша, оның командасы міндеттелген жүз мыңның орнына 160 мың қол жинаған. Алайда Орталық сайлау комиссиясы оның жартысына жуығын ғана қабылдады. Ресми мәліметке сәйкес, Лукашенконың қарсыласы қол жинау кезінде көптеген заңбұзушылыққа жол берілген көрінеді. Бірақ ол нақтыланбай отыр. Ал Сергей Черечень және Анна Конопатская сынды үміткерлердің командасы жинаған дауыс жүз мыңға жетпейді. Алайда сайлау комиссиясында 150 мың деп тіркелген. Қалған дауыстың қайдан келгендігі белгісіз. Бұл сауалға Сергей Череченьнің өзі де жауап бере алмады. Ал Конопатская қажетті қол кейінірек жиналды деп отыр.

Анна Конопацкая, Беларусь президенттігіне үміткер:

– Менің міндетім – бастапқы кезеңнен шығып қалмас үшін қол жинау еді. Минскіде және облыстарда белсенділік танытқан жақтастарыма алғыс айтамын. Олар 150 мыңға жуық қол жинауыма көмектесті.

Ал қазіргі мемлекет басшысы сайлауалды компаниясының жұмысын сөзбен емес, іспен көрсетпек. Александр Лукашенко болашақта мұғалімдердің жалақысы мен зейнетақыны көтеретіндігі туралы мәлімдеме жасады. Сонымен қатар ол мемлекеттік төңкерістер мен тәртіпсіздіктерге жол бермес үшін барын салатындығын айтып отыр. Алайда саясаттанушылар қазіргі Президенттің тапсырысы бойынша түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін екендігін алға тартуда. Мәселен, кейбір мәліметтерге сәйкес, елдің түрлі қалаларында ұлттық нақышта киім киген азаматтар қамауға алынған. Тіпті Минскіде ұлттық бұйымдар сататын дүкен жабылған. Ал онда кезекте тұрған адамдарды тәртіп сақшылары жаппай тәртіпсіздіктерге жол берді деген айыппен қамауға алған. Қалай болғанда да, саяси доданың бірінші кезеңі шілде айының ортасында аяқталады. Яғни, Беларусь ОСК елдің президенттігіне үміткерлердің қорытынды тізімін жариялайды. Ал сайлау 9 тамызға жоспарланған.

Авторлары: Дмитрий Лукша және Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы