429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзіне қол жұмсаған Сеул мэрі Қазақстанмен байланысты дамытуға атсалысқан

  • 326
  • UPD: 10:38, 10.07.2020

Бүгін түнгі сағат 00:00 кезінде Сеул қаласының мэрі өлі табылды. Пак Вон Сунның кеше таңертең жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Қала мэрі туысқандарына қоштасу хат жазып, телефонын өшіріп тастаған. Жаңалықты естіген халық марқұмның денесі жатқан ауруханаға гүл шоқтарын әкеліп жатыр.

Мэрдің өліміне қатысты полиция не деп жатыр?

Владислав Цой, тілші:

- Әзірге тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ барлық айғақ оның өз-өзіне қол жұмсағанын көрсетеді. Біріншіден, Пак Вон Сунның денесінде күшпен өлтірілгенін айғақтайтын іздер табылған жоқ. Екіншіден, қала мэрі өсиетке ұқсас мазмұндағы хат қалдырып кеткен. Сол себепті оның қызы полицияға хабарлаған болатын. Белгілі болғандай Пак Вон Сун өзін жайсыз сезінгендікден барлық кездесулерді кейінге шегерген екен. Оны іздестіру операциясына жүздеген полиция қызметкері жұмылдырылды. Аймақтағы барлық бақылау камералары тексеріліп, күзеттегі иттер мен ұшқышсыз апараттар да қолданылды. Оның қаза тапқан жерге таксимен келгені белгілі болды. 7 сағаттан кейін мэрдің өлі денесі резиденция маңындағы Бугак тауының төбесінде табылды. Айта кетейік, жуырда оның бұрынғы хатшысы Пак Вон Сунның оған сексуалды емеурін танытқаны ((сексуальное домогательство)) полицияға шағымданған болатын. Бұл ақпаратты тәртіп сақшылары растап отыр.

Чой Ик Су, Сеул қ. полиция өкілі:

Полицияға Пак Вон Сунға қатысты шағым түскені рас. Қазір бұл іс тергеліп жатыр.

- Мэрдің өлімі неге осындай резонанс тудырды?

- Пак Вон Сун өте беделді саясаткер болды. Билеуші «Тобуро» партиясының мүшесі елдің қазіргі президенті Мун Чже Иннің жақын досы болатын. 2011 жылдан бері Пак қала мэрі лауазымына 3 мәрте тағайындалды. Сонымен қатар 2022 жылы өтетін президенттік сайлауда Пак «Тобуро» демократиялық партиясы атынан президенттікке негізгі үміткер еді. Мэр бірнеше рет Сеулге Қазақстаннан келген делегациямен де кездескен. Өткен жылы Пак Вон Сун елорданың 20 жылдығына орай Қазақстан мен бас қаламыздың дамуына үлес қосқаны үшін медальмен марапатталған. Сеул билігі астанамызбен ғана емес, сонымен қатар Шымкент, Ақтөбе қалалары, сондай-ақ Түркістан облысымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан болатын. Қазақстаннан келген делегация Сеулдегі «ақылды қала» жүйесімен жақын танысқан.

Айта кетейік, бұл Оңтүстік Кореядағы саясаткерлердің арасында өз-өзіне қол жұмсаған алғашқы оқиға емес. Бәрімізге мәлім болған 2009 жылы елдің бұрынғы президенті Но Му Хён де өзіне жемқорлыққа қатысты іс қозғалғаннан кейін жардан құлап, мерт болған.

Хабар 24 телеарнасы