418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың әлемге тарап кетуіне ДДСҰ жол берді – Трамп

  • 216
  • UPD: 21:28, 10.07.2020

Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 12 миллионнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

550 мың науқас осы қауіпті кеселден көз жұмды. Джонc Хопкинс университеті келтірген соңғы дерек осындай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы арнайы комиссия құратынын мәлімдеді. Мықты сарапшылардан құралатын топ ұйымның және әлем еледерінің індетпен күрес шараларын тексереді.

Әзірге Жаңа Зеландияның бұрынғы премьері мен Либерияның экс-президенті арнайы топтың құрамында болатынын растады. Комиссияның өзге мүшелерін ұйымға кіретін мемлекеттер бірге бекітпек.

Соңғы уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұмысы қатаң сынға қалып жүр. Оған Дональд Трамптың АҚШ ұйым құрамынан ресми түрде кетеді деп мәлімдеме жасауы да әсер етті. Ақ Үй әкімшілігі халықаралық ұйым Қытаймен ауыз жаласып отыр деген айып тақты. Яғни вирустың шыққанын біле тұра, кейбір ақпарларды жасырып, індеттің әлемге тарап кетуіне жол берген осы Денсаулық сақтау ұйымы деп отыр. Десе де, бұл айыпты ұйым өкілдері мойындамады. Сондықтан да, басшылық тәуелсіз сарапшылардан арнайы комиссия құрып, ұйымның коронавируспен күрес жолындағы қызметін тексермек. Сондай-ақ әлем елдерінің де коронавирусқа қарсы шараларына баға береді.

Тедрос Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

– Пандемия бүкіл жаһанды жайлады. Сондықтан біз оған дұрыс баға беруіміз керек. Ұйым және өзге елдер коронавируспен күрес жолында қандай амал қолданғанын зерделеп, арнайы есеп дайындаймыз. Тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссияның баяндамасы күзде дайын болады.

Осылайша Денсаулық сақтау ұйымы тергеу жұмыстарына кірісті. Арнайы комиссия құжат дайындап, алысып жатқанда, әлемде індет күн санап ушығып барады. Жапониядағы бір ғана Токиода соңғы тәулікте 200-ден астам коронавирусты жұқтырып алған. Билік өкілдері күрт өсім жаппай тестілеуге байланысты деп отыр. Ал медицина мамандары кеселдің тарауы бір ай бұрынғы шектеу шараларын жеңілдеткеннен дейді. Шынында вирустың ошағы көбінесе ойын-сауық орталықтарында тіркелген. Бар, мейрамхана, түнгі клубқа барып, ауырып қайтқандар қаншама. Осы демалыс күндері үкімет стадиондарды ашып, 5 мыңға дейін жанкүйердің жиналуына рұқсат беруді жоспарлаған еді. Ендігі жағдайдың ушығуына байланысты бұл шешім қайта қаралатын болады. Бүгінде елде коронавирусты жұқтырғандар саны 20 мыңға жетті.

Юрико Койкэ, Токио губернаторы:

– Күніне үш мыңдай тест жастап, вирусты жұқтырғандарды анықтап жатырмыз. Одан бөлек, түнгі клуб сынды келушілерді қабылдайтын орындардың қызметкерлері міндетті тестілеуден өтіп жатыр. Көбінесе, вирус анықталған науқастардың ауру белгілері жоқ. Сондықтан өз індетін білмей, өзгелерге жұқтыруда. Жаппай тестілеп жатқанымыз да сол себепті.

Ресейде соңғы тәулікте 6 635 адам коронавирус жұқтырды. Бұл осы аптадағы ең жоғары көрсеткіш. 174 науқас көз жұмды.

Дана Нұржан, тілші:

– Елде коронавирусты жұқтыру деңгейі төмендемей тұр. Ал кейбір өңірлерде тіптен бұл көрсеткіш артып барады. Соған қарамастан, Мәскеу мэрі карантинді күшейтпейміз дейді. Керісінше, 13 шілдеден бастап көшеде маска тағып жүру міндетті емес. Ал жаңа оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. Балаларға арналған ойын-сауық және білім беру мекемелері ашылады. Айта кетейік, Мәскеуде осымен бір аптадан астам уақыт бойы тәулік сайын 600 науқастан тіркеліп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері босаңсуға әлі ерте дейді. Әйтпесе, Ресейде коронавирустың екінші толқыны кез келген уақытта басталып кетуі мүмкін. Негізі мамандардың айтуынша, жаңа деректер саны әлдеқашан азаюы тиіс еді. Алайда тұрғындардың эпидемиологилық ережелерді сақтамауы салдарынан керісінше, көбейіп отыр. Антирейтингтің үштігіне Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары мен Свердлов облысы кіреді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір 17 вакцина бойынша жұмыстар қызу жүріп жатыр. Солардың қорытындысы бойынша кем дегенде 3-4 вакцина жасалуы тиіс. Негізі ресейлік екпені адамдарға сынау жұмыстарына Қорғаныс министрлігі де қатысуда. Ондағылар жақсы нәтиже алып жатқандарын айтты. Ал дәрілерге келетін болсақ, мамандар «Коронавир» атты препартты қолдануға рұқсат берді. «Авифавир» мен «Арепливир» секілді бұл дәріде де әсер ететін зат – фавипиравир. Бұл препараттарды дәріханада сатып алуға болмайды. Олар ауруханаларға жеткізіледі де, дәрігердің бақылауымен қабылданады. Десе де, оның қарсы көрсетілімдері бар. Мәселен, аяғы ауыр әйелдер мен балаларға қолдануға болмайды.

Бүгіннен бастап Австралияның Мельбурн қаласында қатаңдатылған карантин қайта күшіне енді. Өткен аптада мұндағы 12 ауданда шектеу шаралары енгізілген болатын. Сөйтіп Мельбурнның көшелері қайта қаңырап қалды. Тұрғындар дүкендердегі кезекте қашықтық сақтауға мәжбүр. Мейрамханалар тек жеткізіп беру қызметін ғана ұсынады. Бүгінде бұл елде вирус жұқтырғандар саны 9 мыңнан асты.

Даниэль Эндрюс, Виктория штатының премьері:

– Соңғы тәулікте 288 адамнан вирус анықталып, Викториядағы науқастар саны 3897-ге жетті. Оның 47-сі ауыр халде. Қазіргі мақсатымыз – адамдарды жаппай тестілеуден өткізу. Кеше 40 мың адам тест тапсырды. Осылайша вирусты жұқтырғандарды анықтап, ол науқастың әрі қарай инфекцияны таратуына жол бермеуіміз керек.

Ал Үндістанда соңғы тәулікте 25 мың адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы Джонс Хопкинс университетінің мамандары мәлімдеді. Кесел өршіген өңірлердің қатарында Дели, Махараштра, Тамилнад штаттары бар екен. Жалпы статистика бойынша науқастар саны 799 мыңнан асып жығылады. Дегенмен сарапшылар халқы көп шоғырланған өңірде шындап келгенде дертке одан да көп адам шалдығуы мүмкін дейді. Ресми деректерге сәйкес, бақилық болғандар саны 21 мың-ға жеткен.

Денсаулық сақтау саласындағы басты ұйым жұмысындағы қай жерінен мүлт кеткенін анықтап әлек. Десе де, бұл індетті тоқтатуда қаншалықты септігін тигізетіні түсініксіз.

Хабар 24 телеарнасы