418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде курьерлер ереуілге шықты

  • 147
  • UPD: 12:28, 11.07.2020

Мәскеуде курьерлердің ереуілі басталды. Дайын тағамдарды тасымалдаушылар жалақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейде пандемия мен өзін-өзі оқшаулау режимі басталғалы бұл саладағы еңбек талаптары айтарлықтай қатаңдатылды. Курьерлер енді өз құқықтарын қорғау үшін бірігіп кәсіподақ құрды.

Коронавирустың кесірінен болған карантин кезінде Мәскеуде курьерлерді батырға теңейтін болған. Олар дайын тамақтан бастап, киім-кешек, гаджеттерге дейін үйінен шыға алмайтындарға апарып беріп жүр. Тер төгіп, еңбектенгендері не керек, көбі бір тиын жалақы алмапты. Ақшасыз, баспанасыз қалған олар өз құқықтарын қорғау үшін кәсіподақ құрды. Ал олар қызмет еткен ірі компанияның табысы карантинде еселеп өскен. Биылдың бірінші тоқсанында ғана таза пайда көлемі  1 млрд 820 миллион рубльге жеткен. Аптасына миллиондаған тапсырыс жасалады.

Бақтияр, курьер:

– Мамыр, маусым айлары үшін ақша алған жоқпын. 15 күн бойы әркімнің үйін жағалап, далада қалдық. «Курьер» кәсіподағы туралы біліп, қатарына қосылдым. 60 мың рубльдей жалақы алуым керек еді, бермеді. Әйеліммен ұрысып қаламыз, үйде талғажау қыларлық түк қалмады, ешкім көмектеспейді.

Саид Шамхалов, курьерлер кәсіподағының төрағасы:

– Курьерлерді жаппай жұмыстан шығарып жатыр. Айыппұл салады, ең кемі 300 рубль, кейде күніне 1 мың рубль айыппұл төлеткізеді. Курьерлер сөйтіп шығынға батып жатыр.

Жұмыс беруші компанияның баспасөз қызметіндегілер серіктес фирмада проблема туындағанын айтып отыр. Ал жалақыны жақын күндері төлейміз деп уәде берді. Ереуілге шыққандарды қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қолдайды. Олар курьерлерді бірігуге шақырып отыр. Қазір жаяу жүріп, тапсырысты алты шақырым қашықтыққа дейін апаратын курьерлер, сол еңбектері үшін жүз елу рубль ғана алады. Егер одан бас тартса, айыппұл төлеуге мәжбүрлейді.

Сергей Удальцов, қозғалыс үйлестірушісі:

– Курьерлерді көргенде оларды шынымен аяп кетем, кім біледі, карантиндегі дағдарыс кезінде мен де сол қызметті істеуім мүмкін. Олар арқасына сөмкені асып алып, метрода, автобустарда жүреді. Жаяу жүрген қажытады. Олардың сырттан келгенін пайдаланып, еңбегін бағаламау  барып тұрған әділетсіздік қой.

Олег Шеин, Ресей еңбек федерациясының вице-президенті:

– Ресми мәліметке сай, елдегі 33 млн адамға жалақылары толық мөлшерде төленбейді немесе мүлдем ала алмай жүр. Айлықтарын талап етіп келген қызметкерлерге сіздерді бірінші рет көріп отырмыз дегенді айтады. Мұндай «бір күндік» фирмалар осы күндері елде көп болып кетті.

Еңбек федерациясы өкілдерінің айтуынша, курьерлердің ереуілге шығуына жүйелі проблема себеп. Пандемия жағдайында өзге де қызмет салалары дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Жұмыссыздық деңгейі күрт өсіп кетті. Кәсіподақ қызметкерлерінің бағалауынша, мамырда екі есе ұлғайған. Бүкіл Ресей бойынша жұмыс орнын жоғалтқандардың қатары 10 миллионға жуықтап қалған.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы