418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда карантин тәртібін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі артты

  • 163
  • UPD: 14:17, 11.07.2020

Әзербайжанда карантин тәртібін бұзғандар үшін айыппұл көлемі екі есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қоғамдық орында маска тақпағандар 70 доллардан 500 долларға дейін төлейді. Биліктің мұндай шешім қабылдауы бекер емес. Өйткені елде коронавирус жұқтырғандар саны артып барады.

Әзербайжан астанасында және елдің 15 қаласы мен ауданында тұрғындардың сыртта қажетсіз жүріп-тұруы шектелген. Соған қарамастан сақтық шараларын елемейтіндеп көп. Мәселен, кейбіреу үйлену тойы мен жерлеу рәсімдерін өткізеді. Туған күн тойлайды. Билік басқа да ережелердің бұзылуын болдырмау үшін маска тақпағандарға қарастырылған айыппұл көлемін арттырды.

Эмиль Джавадов, Баку қаласының полиция өкілі:

– Полицейлер эпидемиологиялық талаптардың бұзылмауын қатаң бақылайды. Біз тек айыппұл жазып беріп қана қоймай, халықты ақпараттандыру жағына да көңіл бөліп жатырмыз.

Полицейлер күнделікті дүкен мен қоғамдық көлікте рейд жүргізеді. Өйткені сауда нүктелері мен автобуста маскасыз жүруге болмайды. Тәртіп сақшылары кейде тіптен үйлену тойының үстінен түсіп, жиналғандарды таратуға мәжбүр. Жерлеу рәсімдеріне де көп адамның жиылуына рұқсат жоқ. Жуырда осындай шараға қатысқан 82 адамның коронавирусты жұқтырғаны анықталды. 

Эмиль Джавадов, Баку қаласының полиция өкілі:

– Қазіргі жағдайда полицейлерге артылатын жауапкершілік мол. Біз тұрғындар арасында түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз, маска тағып, қауіпсіз қашықтықтың сақталуын қадағалаймыз.

Әзербайжан астанасы Бакуде мамырда карантин жеңілдетілген еді. Алайда науқастар саны арта бастаған. Сол себепті билік шектеу шараларын қайта енгізген. Қазір күн сайын 500-ден аса жаңа дерек тіркеледі. Арнайы карантин тәртібі 20 шілдеге дейін жалғаспақ. Билік оны алып тастау не ұзарту жағын эпидемиологиялық ахуалға қарай шешетін болады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы