418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бельгияда карантиндік шаралар күшейтілді

  • 200
  • UPD: 16:20, 12.07.2020

Егер бұрын маскаларды тек қоғамдық көліктерде кию қажет болса, енді оларды ғимараттардың ішінде де кию талап етіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде түнгі клубтардың жұмысына тыйым салынған. Барлар мен мейрамханалар түн ортасына дейін қызмет көрсетеді. Санитарлық шаралардың сақталуы қалай қадағаланбақ?

Бельгияда соңғы бірнеше тәулікте тек 85 адамнан індет анықталған. Елде коронавирустың таралуына шектеу қойылғандығына қарамастан, билік алаңдаулы. Жергілікті халық жазғы демалыстан оралған сәтте дерт қайта дендейді ме деп қауіптенеді. Себебі Бельгия шекараларын ашқан көптеген елде эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Елге «қызыл аймақтан» оралған бельгиялықтар екі апталық карантинді сақтаулары керек.

Мэгги Де Блок, Бельгияның денсаулық сақтау министрі:

– Біз екінші толқынға дайын болу үшін барлық шараны қабылдадық. Енді демалыстан оралған азаматтар вирустың таралуына түрткі болуы мүмкін. Індеттің қайта өршуіне жол бермес үшін алдын алуымыз шарт.

Бұрын масканы тек қоғамдық көліктерде кию керек болатын, қазір оларды әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін емес барлық жабық ғимараттарда тағу міндеттеледі. Олар дүкендер, кинотеатрлар, кітапханалар. Талапты бұзған азаматтарға 250 еуро, ал, мекеме иелеріне 750 еуро айыппұл салынады. Бірнеше мәрте қайталанған жағдайда дүкендер жабылуы мүмкін. Өлім-жітім саны бойынша патшалық әлем елдері арасында көш бастап тұр. Қайтыс болғандардың 40 пайызға жуығы COVID-19-ға тест тапсырмаған, тек коронавирустан көз жұмды деген болжам жасалып отыр.

Мэгги Де Блок, Бельгияның денсаулық сақтау министрі:

– Біз ауруларды бақылау және алдын алу бойынша Еуропа орталығының ұсыныстарын орындадық. Яғни расталған ғана емес, сонымен бірге барлық күдікті жағдайлар туралы да хабарланды. Қарттар үйіндегі көптеген науқас жасы келгендіктен көз жұмды ма, жүрегі, өкпесі ауырды ма, әлде COVID-19 болды ма? Ол жағы белгісіз. Коронавирустан қайтыс болуы да мүмкін. Себебі олардың дені тыныс алу жолдарына шағымданған. 

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, өзге елдерде коронавирустан зардап шеккендер саны Бельгиямен салыстырғанда анағұрлым аз. Алайда кейбірінің есебі шындыққа жанаспайды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы