418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та соңғы тәулікте 71 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталды

  • 170
  • UPD: 09:36, 13.07.2020
АҚШ-та соңғы тәулікте 71 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталды фото: Газета.ру

АҚШ-та 3 миллионнан астам адамнан COVID-19 анықталып, 135 мыңға жуық азамат аталған дерттен көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Америка осы індеттен зардап шеккен елдердің көшбасында деп айттық. Ел экономикасы да орасан шығынға ұшырады. Көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны артуда.

2020 жылдың қаңтарында Америкада коронавирус жұқтырған алғашқы азамат тіркелді. Ел президенті Дональд Трамп пандемияға байланысты ұлттық карантинді тек екі айдан кейін енгізген еді. Дендеген дерт аз уақытта АҚШ-тың 50 штатын да қамтыды. Аризона, Техас, Калифорния, Флорида – бұл ең ауқымды зардап шеккен өңірлер.

Рон де Сантис, Флорида штатының губернаторы:

- Штаттың 2 млн 400 азаматы коронавирусқа тест тапсырды. Нәтижесінде Флорида штатының әрбір тоғызыншы тұрғынынан COVID-19 анықталды. Біз 65 жастан асқан адамдарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береміз. Себебі, жасы келген адамдарға ауыр тию мүмкін.

Вирус жұқтырғандар санының өсуіне қарамастан, елдегі ойын-сауық орындары жұмыстарын қайта жалғастыруда. Аптаның соңында Орландодағы Диснейленд аттракционы 4 айға жуық үзілістен кейін өз есігін айқара ашады. Келушілер санына шектеу қойылады, әрине. Індеттің өршуіне жол бермес үшін адамдар бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтаулары тиіс. Бизнес нысандарының қызмет көрсетуге құлшыныс танытуының өзіндік себебі де бар. Әлемдік пандемия АҚШ экономикасына ауқымды соққы берді. Көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны 33,5 миллионға жетті. Бұл мамыр айындағы көрсеткіш. Көп ұзамай АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 25%-ке жетуі ықтимал.

Стивен Мнучин, АҚШ қаржы министрі:

- Егер кейбір бизнес нысандарды қазір ашпасақ, олардың жабылып қалмайтынына кепілдік бере алмаймыз. Шағын және орта бизнестің жұмысын жалғастырған жағдайда қауіпсіздік шараларын ескеруіміз қажет. Адамдар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жұмыс істеулері шарт. Кейбір компаниялар қашықтан жұмыс істей алады. Бәріне бірдей кеңселерге оралудың қажеті жоқ.

Пандемия кезеңінде АҚШ-та афроамерикандық Джордж Флойдтың өліміне байланысты наразылық шаралары өткендігі белгілі. Елдің бірнеше штатында мыңдаған адам жиналып, биліктен нәсілшілдікпен күресіп, полицияның қатігездігін тоқтатуды талап етті. Тіпті кейбір акциялар құқық қорғау органдарымен қақтығыстарға ұласып, сақтық шаралары ескерусіз қалды. Салдарынан вирусты жұқтырушылар саны арта түсті. Тек соңғы тәулікте АҚШ-та 71 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталды. Бұл – дерт дендегелі бергі ең нашар көрсеткіш. Сарапшылардың болашаққа қатысты болжамдары көңіл көншітпейді.

Авторы: Гүлмайра Қуатбайқызы

Хабар 24 телеарнасы