418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ қаржы дағдарысына ұшырады

  • 164
  • UPD: 19:09, 13.07.2020

Коронавирус пандемиясынан әлемдік экономика дағдарысқа ұшырады. Әсіресе Еуроодақ елдері көп шығынға батты. Дерт құрбандарының басым бөлігі осы кәрі құрлық елдерінің тұрғындары. 3 ай бойы карантин режимінде болған Еуропа енді қаржы қыспағында қалған экономикасын қалыпқа келтіру үшін тиісті әрекет етуге кірісті.

Еуроодақта әлемді шарпыған коронавирус індеті қаржы дағдарысына әкеп соқты. Аймақта бұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет болып отыр. Еуростаттың мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы 3 айында одақ экономикасы 3,6 прцентке құлдырады. Жыл соңына дейін бұл сан 13 процентке дейін баруы мүмкін деген болжам бар. Індетпен күресу әрі шығынның орнын толтыру үшін шамамен 2 триллион еуро қажет. 

Кристин Лагард, Еуропа орталық банк төрағасы:

 - Еуроаймақ экономикасы бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешуде. Соңғы кездері өте төмен нәтиже көріп отырмыз. Жұмыс орындарының қысқаруы мен кірістің азаюы, сонымен қатар, экономикалық болжамның тұрақсыздығы жағдайды ушықтырып тұр. 

Пандемия кесірінен одақ мемлекеттерінің шығын көлемі артып барады. Мәселені жалғыз салықпен шешу мүмкін емес. Енді Еуропаның ауқатты елдері экономикаға бюджет қорынан демеу жасамақ. Бүгінде Францияның жалпы ішкі өнімі 5,8, ал Испания мен Италияның жалпы ішкі өнімі 5 процентке құлдырады. Алдағы уақытта Германияның экономикалық ахуалы да бәсеңдеуі мүмкін.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

 - Алдағы айларда күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешуіміз керек. Атап айтқанда, пандемияны тоқтатып, дағдарыстан шығудың амалын табуымыз қажет. Бұл халықтың денсаулығы, әлеуметтік және экономикалық мәселелер. Қаржы құралдарын пайдаланып, тиісті келісімге келу арқылы қаржы секторында мықты қор құруымыз керек.  

Еурокомиссияның ұсынысы бойынша, экономиканы қалпына келтіруге арналған қорға коммерциялық несие алу керек. Бұл қарызды Еуроодақ елдері 2058 жылға дейін өтемек. Қордың құрылуына барлығы келісімін беріп отыр. Алайда қаржы кімге және қалай бөлінетіні әлі шешілген жоқ. Еурокеңес төрағасы Шарль Мишель бұл мәселені шешуде өз ұсыныстарымен бөлісті.

Шарль Мишель, Еуропа кеңесінің төрағасы:   

 - Ұзақ мерзімді бюджеттік жоспар құру үшін 1 трлн 74 млрд еуро көлемінде қаржы жинауды ұсынамын. Бұл Еуроодақтың экономикасын қалпына келтіру бойынша жоспарды орындау үшін қажет. Одаққа мүше елдерге шамадан тыс салмақ салмау үшін несие, кепіл мен гранттардың арасында теңгерім сақтауды ұсынамын. 

Шілденің 17-сі күні Еуроодаққа мүше 27 елдің басшысы Брюссельде өтетін самитте бас қосады. Жиында саясаткерлер алдағы 7 жылға арналған экономикалық тығырықтан шығу жоспары пысықталмақ.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы