429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Вирус Бразилияны алқымынан алды

  • 268
  • UPD: 21:30, 13.07.2020

Өткен тәулікте жаһанда 230 мың 370 адам коронавирус жұқтырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, бұл індет басталғалы бір күнде тіркелген  рекордтық көрсеткіш.

Сөйтіп, әлемде коронавирусты жұқтырудың расталған деректердің саны 13 миллионнан асады. Науқастардың жартысынан астамы аурудан айығып шыққан. Өкінішке орай, 572 мыңға жуық адамды дерт әбден дендеп, ақыры көз жұмды. Жалпы антирекорд АҚШ және Латын Америкасында орнады. 

Әсіресе АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штаттындағы жағдай ушығып кеткен. Мұнда демалыс күндері вирус жұқтырудың рекордтық дерегі тіркелді. Ал, жергілікті билік аурудан бір баланың көз жұмғанын хабарлады. Бұл өңірдегі бала өлімінің алғашқы оқиғасы. Бүлдіршін 5-ке де толмаған екен. Флорида штатында да жексенбіде 15 мың 300 дерек расталып, тәуліктік рекорд орнаған. Тіпті, мұндағы ауруханалардағы жан сақтау бөлімінде орын жетпей жатыр. 

Эндрю Пастевски, медициналық орталық директоры:

- Алғашында науқастарды бірінші қабатқа орналастырдық. Алайда ауырғандар саны артып, кейіннен оларды екінші, үшінші, төртінші, тіптен бесінші қабатта жатқызуға тура келді. Арасында егде жастағы адамдар ғана емес, жастар да көп. Көбі әлі күнге дейін маска тақпай, өзімшілдік танытып, өзгелерге қауіп төндіреді. 

Алайда Флориданың кейбір тұрғындары ескертуді елеп жатқан жоқ. Дәрігерлер «науқастарды аман алып қаламыз» деп жанталасса, белсенділер тобы маска тақпаймыз деп, наразылық акциясын ұйымдастырған. Өйткені эпидемиологиялық ахуал ушыққан соң, жергілікті билік тұрғындарды қоғамдық орында бетпердемен жүруге міндеттеген. Алайда қарсы тараптың айтуынша, бұл ереже олардың бостандығын шектейді.

Британи Мозинго, наразылық акциясының ұйымдастырушысы:

- Менің қалтамда маскам бар. Қажет деп санасам, оны тағып аламын. Алайда мені біреулердің міндеттегенін қаламаймын. Бұл шешімді жеке өз басым қабылдауым керек.

Маска демекші, АҚШ президенті Дональд Трамп пандемия басталғалы алғаш рет камера алдында бетпердемен шықты. Ақ Үй басшысы оны Вашингтон іргесіндегі әскери госпитальге барғанда таққан. Алайда ауруханаға аттанбай тұрып, Ақ үй алдында сұхбатты маскасыз берген.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен еш уақытта бетпердеге қарсы болған емеспін. Алайда оны тағудың өз уақыты мен өз орыны болады. 

Бұл АҚШ-тағы жағдай. Ал Латын Америкасындағы жағдайға тоқталсақ, мұндағы ахуал да көңіл көншітпейді. Мәселен, Мексика кісі өлімі бойынша Италияны басып озып, әлемдік рейтингте төрінші орынға шықты. Елде коронавирустан көз жұмғандар саны 35 мыңнан асып кетті. Одан бөлек сыртта жүріп, қайтыс болған азаматтар бар. АҚШ-та коронавирустан бақилық болып, кремацияланған мексикалықтардың күлі Мехико әуежайына жеткізілді. 

Хорхе Ислас, Мексиканың Нью-йорктегі бас консулы:

- Бүгін біз үшін қайғылы күн. 250 мексикалықтың күллі елге әкелінді. Бұл азаматтар Мексиканың ғана емес, АҚШ мүддесі үшін де еңбек еткен.

Вирус Латын Америкасындағы Аргентинада ушығып тұр. Мұнда індетке іліккендер саны 100 мыңнан асып кетті. 

Артин Джунта, Буэнос-Айрес тұрғыны:

- 100 мың адам деген бұл өте үлкен көрсеткіш қой. Кейбереулер карантинді бұзып, шыдамсыздық танытып отыр. Алайда бұл дұрыс емес. Олай жалғасатын болса, 2 миллионға жуық науқас тіркелген көрші Бразилиядағы жағдайдың қайталануы мүмкін.

Еуропадағы ахуалға келетін болсақ, Испанияның Каталония аймағының бірнеше провинциясында қатаң карантин енгізілді. Өйткені, мұнда да вирус қайта өршіп барады. Шектеу шаралары 15 күнге жалғаспақ. 15 мың тұрғынға жұмысқа барып, азық-түлік алу үшін не медициналық көмек үшін ғана тысқа шығуға рұқсат. 

Альба Вергес, каталония аймақтық денсаулық сақтау министрі:

- Тұрғындар мүмкіндігінше үйден шықпау керек. Бұл қиын әрине. Алайда вирусты басқа жолмен жеңе алмайтын түріміз бар. 

Хабар 24 телеарнасы