418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Армения билігі елде төтенше жағдай режимін төртінші рет ұзартты

  • 115
  • UPD: 15:24, 14.07.2020

Халық тағы бір ай бойы қатаң шектеу жағдайында өмір сүрмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы қазір Арменияда вирусқа шалдыққан дімкәс жандардың қатары 32 мыңнан астып отыр.

Елде індетке шалдыққан жандардың статистикасы көңіл көншітпейді. Ресми мәлімет бойынша, 30 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Бұл – ел тұрғындарының 1 проценті. 500-ден астам адам қауіпті вирустан бақилық болды. Бүгінде елді жайлаған індетті тез арада тоқтату Үкіметтің алға қойған басты мақсаттарының біріне айналды.

Арсен Торосян, Арменияның денсаулық сақтау министрі:

– Ауыр және өте ауыр халде жатқан науқастардың саны 650-ге жетті. Олардың 43-і өкпені жасанды желдету аппараты арқылы тыныс алуда. Жансақтау бөліміне қарағанда орташа жағдайдағы науқастар жатқан бөлімшедегі ахуал тәуірлеу. Тіпті динамика жақсарып келеді.

Арменияда ауруханаға жату үшін халық кезекте тұрған жоқ. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі премьерге жасаған мәлімдемесінде хабарлады. Алайда вирустың жайылуы әлі де болса бәсеңдемей тұр. Статистикаға сүйенсек, әр мың адамға 10 науқас кезігеді. Осы орайда елде төтенше жағдай режимі тамыз айының 12-сіне дейін ұзартылмақ.  

Никол Пашинян, Арменияның премьер-министрі:

– Конституция заңы бойынша халыққа қауіп төндіретін жағдайда төтенше шараларды қабылдауымыз керек. Еліміздің заңнамасына сәйкес төтенше жағдайдан басқа амал жоқ. Тәуекелге бармасақ, бұған дейін қолға алған эпидемияға қарсы шаралар зая болатыны анық. Сол себепті төтенше жағдай режимін ұзартуымызға тура келеді. 

Елде қоғамдық көлік қатынасы, тамақтану орындары мен қызмет көрсету саласындағы шектеулер мамыр айының ортасында жеңілдей бастаған еді. Жергілікті билік алдағы уақытта да көптеген кәсіпорын мен өзге де мекемелердің жұмысы қалай болатынын тиянақтап түсіндіріп берді.

Тигран Авинян, арменияның вице-премьері:

– Біздің басты мақсатымыз – қырүйек айына дейін барлық жалпы білім беретін мектептің ашылуына жағдай жасау. Сабақ қашықтықтан емес, тиісті талаптарды сақтай отырып бұрынғы режимде басталу керек.

Вице-премьер Тигран Авинянның айтуынша, қыркүйек айына қарай бір тәулікте тіркелетін науқас саны 140-ға дейін азаюы мүмкін. Әрине бұл биліктің қабылдаған шешіміне ғана емес, жергілікті тұрғындардың тиісті әрекетіне де байланысты болмақ. Естеріңізге салайық, елде міндетті түрде маска тағу режимі мамырдың 25-і жарияланған. Халық бетпердені ғимарат ішінде ғана емес, сыртта да тағуы тиіс. Заң бойынша, ережеге бағынбағандарға айыппұл салынады.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы