425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-та коронавирусқа қатысты жаңа антирекорд орнады

  • 398
  • UPD: 21:49, 17.07.2020

Брюссельде Еуроодақ елдері басшыларының саммиті өтіп жатыр, хабарлайды «Хабар 24».

Олар пандемия басталғалы алғаш рет бас қосуда. Бұған дейінгі кездесулер онлайн форматта ұйымдастырылып келді. Екі күнге жалғасатын алқалы жиында экономикалық дағдарысқа қарсы жоспар талқыланады. Еуропада осылай коронавирус салдарын жоюға бағытталған саммит өтіп жатқанда АҚШ-та тағы да індетке қатысты антирекорд орнады. Жалпы бұған дейін вирусты жұқыру деректері миллионнан асқан екі ел осы АҚШ пен Бразилия еді. Алайда, соңғы тәулікте олардың қатарына тағы бір мемлекет қосылды.

АҚШ-та тағы да жаңа антирекорд. Соңғы тәуліке мұнда коронавирусы жұқтырудың 75 мыңнан аса жаңа дерегі расталған. Бұл пандемия басталғалы бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Энди Уильгельм, реаниматолог:

- Ауруханаға күн сайын түсетін науқастардың санында шек жоқ. Біреуін аман алып қалсақ, өкінішке орай басқасының өміріне араша түсе алмай жатырмыз. Бұл өте қиын жағдай. Мұның қашан аяқталатыны белгісіз. Ең сорақысы осы.

Жалпы, Құрама Штаттарда сәуір айынының соңында расталған деректер саны бір миллионнан асып жығылған еді. Ал, маусымның басында оқиғалар саны 2 миллиондық межеге жетті. Сөйтіп, бүгінде бұл көрсеткіш 3 миллион 700 мыңға жуықтады.

Ал, Бразилияда вирус жұқтыру дерегі 2 миллионнан асып кетті. Бұл дегеніміз, елдің әрбір жүзінші тұрғыны дертке шалдыққан деген сөз. Мамандардың болжамы тіпті жаға ұстатады: мұнда ауырғандар саны 10 миллион шамасында болуы мүмкін. «Бұған бәріне билік кінәлі», дейді сарапшылар. Өйткені осыған дейін президент індеттің қаупін ескермей келген. Сөйтіп, шілденің басында өзі вирусты жұқтырған. Бұған дейін билік «ахуал шілдеде тұрақталады» деген болжам айтқан еді. Алайда, қазіргі статистика нақты жағдайды айқындап берді.

Луис Энрике Мандетта, Бразилияның бұрынғы денсаулық сақтау министрі:

- Соңғы тәулікте 1300 адам вирустан көз жұмды. Мұндай статистикаға адамдардың еті үйреніп қалғандай. Бірақ бұл жантүршігерлік көрсеткіш қой. Ойлап қараңызшы, 1300 адам көз жұмды дегеніңіз, 5 ұшақ апаты құрбандарының санымен пара-пар. Жағдайдың былай ушығуына билік кінәлі. Басқасын қайдам, президенттің өзі коронавирустың қаупін жете бағаламай, карантиннің керегі жоқ екенін айтып келді.

Расталған деректер саны бір миллиондық межеден асқан тағы бір ел – бұл Үндістан. Салдарынан елдің ірі қалаларындағы ауруханаларды орындар тапшы. Сондықтан билік кеңсе ғимараттарында уақытша госпиталь құруға мәжбүр. Ал, елдің түрлі өңірлерінде шектеу шаралары қайта күшейтіліп жатыр.

Авторлары: Бахыт Топтаева, Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы