431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында кәсіпкерлер тыныс алу аппараттарын таратты

  • 302
  • UPD: 09:43, 18.07.2020
Павлодар облысында кәсіпкерлер тыныс алу аппараттарын таратты

Павлодар облысының кәсіпкерлері провизорлық орталықтарды Бобров аппараттары, дәрілік препараттар және минералды сумен қамтамасыз етті. Ал волонтерлер уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне азық-түлік себеттерін таратты.

Облыс жастары «Мың алғыс» акциясын қолға алған. Ол жұқпалы дертке қарсы тұрған дәрігерлерді қолдауға бағытталады. Бүгінгі таңда Павлодар облысында  коронавирус жұқтырған 2 мыңға жуық науқастың тең жартысы жазылып шықты. Бірақ пневмония дерті өршіп барады. Соңғы кезде қос өкпесі қабынған адамдар саны күрт  артқан. Облыстық кардиологиялық орталықта осыдан бір ай бұрын 270 орындық провизорлық орталық ашылған болатын. Қазір онда бос орын жоқ.

Орталықтың бас дәрігері Самал Ақылжанованың айтуынша, тәулік бойы жұмыс істейтін дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар да көмекке зәру. Ал кәсіпкерлер әкелген апараттар адам өмірін сақтап  қалуға сеп болады.

Михаил Желнов, кәсіпкер:

- Бобров аппараттарын әкеліп жатырмыз. Ол ағзаны оттекпен байытады. Науқасты сауықтыруға таптырмас құрал. Аппараттар Түркияда жасалған. Көптеген адамның өмірін сақтап қалады деп үміттенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қалталы азаматтарды адам өмірін сақтап қалуға атсалысуға шақырамын. Біздің елімізде олардың саны өте көп. Бұл халықтың басына түскен үлкен қасірет. Оны бірге жеңуге ұйымшылдық керек. Көп науқастар сіздердің көмектеріңізге зәру. Көмектесейік.

Самал Ақылжанова, кардиохирургиялық клиниканың бас дәрігері:

- Біздің орталықта қазір бос орын жоқ. Күн сайын жазылып шығып жатқандар бар. Бірақ қос өкпесі қабынған сырқаттар олардың орынын толтырады. Науқастар жедел жәрдем арқылы да, емханалардан жолдама алып та келіп жатыр. Кей адамдар өздері келеді. Олардың екі өкпелері қабынған. Сатурациясы 93-тен төмен болып келетін сырқаттар бар. Оларға кешенді ем-шаралар қолданамыз. Барлық ауыртпалықтар орта буын медицина қызметкерлеріне түсіп тұр. Сондықтан бүгінгі күні мұндай көмек науқастар үшін де дәрігерлер үшін де өте маңызды.

Хабар 24 телеарнасы