429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 600 мыңнан асып кетті

  • 370
  • UPD: 12:48, 19.07.2020

Әлем бойынша коронавирустан қайтыс болғандар саны 600 мыңнан асып кетті, хабарлайды «Хабар 24».

Джонс Хопкинс университеті осындай мәлімет жариялап отыр. Соңғы бір тәулікте індеттен дүниежүзінде 7300 адам көз жұмды. Ең көп ажал құшқандар Америка Құрама Штаттарында тіркелген. Одан кейін Бразилия мен Ұлыбритания тұр. Сондай-ақ осы қаралы тізімнің алғашқы ондығына Мексика, Италия, Франция, Испания, Үндістан, Иран және Перу кіреді.

АҚШ-тың Аризона штатында соңғы бір тәулікте 147 адам аурудан айыға алған жоқ. Жалпы бұл штатта күн сайын 3 мыңдай жаңа науқас анықталуда. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, штат ауруханаларындағы жансақтау бөлімдері 90%-ке толып кетті. Ал Флоридада күн сайын коронавирусты жұқтырудың 10 мыңдай дерегі тіркеледі. Енді бетперде тақпай көшеге шыққан адамдарға 100 доллар көлемінде айыппұл салынатын болды. Сондай-ақ билік жағажайларда коменданттық сағат енгізді. Эпидемиологтардың пікірінше, коронавирустың таралуына сауық кештер себеп. Мұндай жиындарды негізінен жастар ұйымдастырады. Оған ауырған таныстарын шақырып, барынша дертті жұқтыруға тырысады. Осылайша, тезірек иммунитетке ие болмақ көрінеді.

Хабар 24 телеарнасы