431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда мысықтілеу саудагерлер қалай пайдаға кенелді?

  • 271
  • UPD: 19:15, 19.07.2020

Чехия полициясы алыпсатарлар тобын ұстауға септігін тигізетін ақпарат үшін сыйақы белгіледі. Бұл қылмыстық топ маскалар мен антисептиктердің заңсыз саудасынан қыруар пайда тапқан көрінеді. Жалпы індет кезінде Чехияда осындай қылмыстар көбейіп кетті.

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді өзгертті. Қылмыскерлер де жаңа жағдайға тез бейімделді. Полиция «бұл айлаға наурыз айында Прагада бетперделерді қымбатқа сатқан компания қатысты» деп санайды. Ұсталғанынан кейін бір апта өтісімен Чехияның өзге аймақтарында ұқсас қылмыстар жасала басталды. Маскаларды, қорғаныш киімді және антисептикті алып сатуға маманданған топ бүкіл елде әрекет етіп жүрген сыңайлы. Тергеушілер бұл адамдар әдейі жұртты әбігерге салып, індеттің үшінші толқыны туралы қауесет таратып жүр деп санайды.

Иржи Штрака, Прага полициясы тергеу тобының өкілі:

- Біз бағаны көтеруге ғана емес, өнімінің сапасына да алаңдап отырмыз. Маскалардың көбі санитарлық ережелерге сәйкес келмейді, ал антисептигі спирт тамшысы қосылған құр су ғана. Алыпсатарларда ең арзан бетперде 10 доллар, ал ең қымбаты 76 доллар тұрады. Дәріханалар мен дүкендердегі бағасы бір долларға да жетпейді.

Полиция осыншама зор мөлшерде контрафакт қайдан жеткізіліп жүргенін анықтауда. Олардың есебінше, бір аптада алыпсатарлар 100 мыңнан 300 мың долларға дейін пайда тауып жүр. 

Мартин Сакик, заңгер:

- Бұл жақсы ұйымдасқан топ болуы әбден мүмкін, олар пандемия жөнінде қауесет таратуы да ғажап емес. Басшылары шетелде жасырынып жүр деген жорамал бар. Полиция дұрыс әдіс таңдап, вирустан сақтану құралдарын тек дәріханаларда сатып алуға болатынын халыққа түсіндіріп жатыр.

Жуырда полиция тағы бір топ айлакерді ұстады. Олар көтерме бағамен небәрі бір жарым мың долларға көп мөлшерде тест алуды ұсынған. Ал ақшаны аударғандарды телефонының қара тізіміне қосып, жауап бермейтін. Көп ұзамай қолды болған алаяқтар Прагада оқитын студенттер боп шықты. Бір айдың ішінде 400 мың доллар тапқан көрінеді.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы