419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сауд Арабиясы қажылыққа келетіндердің санын 10 мыңға дейін қысқартты

  • 299
  • UPD: 21:38, 21.07.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 14 млн 800 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі шектеу шараларына қарамастан ауру өршіп барады. 

Әсіресе АҚШ, Бразилия және Үндістанда. Түркиядағы жағдай да көңіл көншітпейді. Мұндағы билік елді мекендерге карантин режимін енгізіп, алдағы Құрбан айт мерекесіне дайындығын бастап кетті.

АҚШ-тан кейін коронавирус індеті Бразилияда кең етек жайды. Бүгінде онда 2 млн-нан астам адамға диагноз қойылған. Оның 80 мыңы аурудың құрбаны болды. Жалпы Латын Американың өзге де елдеріндегі жағдай көңіл көншітпейді. Өңірде пандемияның кесірінен кедейлік деңгейі артты. Халық нәпақасынан айырылып, екі қолға бір күрек таба алмай отыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан Женева қаласында өткен брифингте аймақтағы ахуалдың оңалатын түрі жоқ екенін айтып, алаңдаушылық білдіреді.

Майкл Райан, ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі директоры:

– Латын Американың біраз өңірінде жағдай күннен күнге күрделеніп барады. Вирустың таралуы тоқтаудың орнына керісінше қарқын алып барады. Қазір Боливия, Колумбия мен Бразилияда жағдай қиын. COVID-19 бұл елдерге үлкен қауіп төндіріп тұр.

Ал Аргентинада науқастардың саны 130 мыңнан асты. Бір тәулікте 4 мыңға жуық адам вирус жұқтырса, 113-і көз жұмды. Жергілікті билік карантин режимін тамыздың 2-сіне дейін ұзартты. Ал Перудегі ауруханаларда бос орын жоқ. Науқастарға арналған шатырлар да лық толы. Кейбіреулері аурухана өз көлігінде отырып ем қабылдап жатыр. Аймақта медицина қызметкерлері де тапшы.

Леонардо Чиринос, дәрігер:

– Соңғы 4-5 күнде өлім көрсеткіші күрт артып кетті. Орташа есеппен күнде 20 адам жан тапсырады. Медицина саласына үлкен ауыртпалық түсті.

Вирустың ошағына айналған Үндістан да індеттен көз ашпай тұр. Бұнда тәулігіне 37 мыңнан астам адам кеселге шалдығып, 587-сі жан тапсырды. Осылайша елде науқастар саны 1 млн-нан артты. Оның 28-мыңы аурудың құрбаны болды. Науқастардың 62 проценті дертінен айығып жатыр. Вирустан ең көп зардап шеккен Махараштра штаты болды. Індеттің өршуіне байланысты жергілікті Үкімет науқастарды қабылдайтын жаңа орындар ашып жатыр.

Аруши Сайни, дәрігер:

– Бізде халықтың аман қалуы маңызды. Барлық медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Жаңадан ашылған ғимаратта адамдарды емдеу үшін барлық жағдай жасалынған. Әзірге дәрі-дәрмек те жетеді.

Ал Түркияда коронавируске шалдыққандар саны 220 мыңнан асты. Қазірге дейін аты жаман аурудан құлан таза айыққандар – 203 мың. Бұл елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожаның мәліметі.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркия денсаулық сақтау министрлігінің соңғы тәуліктегі ақпараты бойынша, 931 кісі қауіпті індетке шалдығып, 17 адам қайтыс болды. Осылайша, 11 наурыздан бері елде коронавирустан 5508 адам көз жұмған. Ал жұқпалы вирустан 4 айда 203 мың 2 адам емделіп шықты. Бұдан бөлек, Түркияның бірқатар провинциясының елді мекендері, шағын аудандары мен тұрғын үйлері оқшауланды. Себебі тұрғындар сақтық талаптарын орындамай, той тойлап, жақын-туыстарын аралап кеткен. Салдарынан жұқпалы ауру бірнеше кісіде байқалып, түгел ауыл оқшауландырылған. Қазір Түркияда карантин талаптары қатаң. Ережені бұзғандарға 3150 лира айыппұл салынады. Бұл шамамен – 188 мың теңге. Ал түркиялықтардың ең төменгі жалақысы – теңгеге шаққанда 140 мың. Сонымен қатар Түркияда 81 провинцияның 70-ке жуығында маскасыз сыртқа шығуға тыйым салынған. Тақпағандарға 900 лира, яғни 55 мың теңге айыппұл салынады.

Күбра Өзгүн, Анкара қаласының тұрғыны:

– Алғашқы үш айда сыртқа шыққан жоқпын. Одан кейін тек қажетті жағдайларда ғана көшеге шықтым. Онда барлық сақтық құралдарын сақтауға тура келді. Маска мен арақашықтық бұл кезеңдегі өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Қонаққа бармаймын. Үйге ешкімді қабылдамаймын. Мәселен, кеше көршіміз қайтыс болды. Барған жоқпын.

Түркия билігі 2020 жылы экономикада 5% өсімді болжаған. Алайда вирус салдарынан бұл көрсеткіштің қалай болатыны беймәлім. Дегенмен елдің Қазына және қаржы министрінің айтуынша, экономика төмендеп, бірден қалпына келуі ықтимал. Ең алдымен туризм саласы тұралап қалғанын айтқанбыз. Бірнеше күн бұрын, түрік парламенті елдегі экономикалық жағдайға байланысты жаңа үкім шығарды. Ол бойынша: Жұмыс берушілер 2021 жылдың 30 маусымына дейін жұмысшыларды ресми түрде жұмыстан шығара алмайды; Жұмыс беруші кез келген қызметкерді ақысыз демалысқа жібере алады. Ақысыз демалыс болған жағдайда мемлекет бұрын алған жалақысының мөлшеріне қарамастан ай сайын 1168 лира өтемақы төлейді. Жұмыстан босатылған жағдайда қызметкер мемлекеттен өтемақы төлемдерін алу құқығынан айрылады.

Түркияда биыл діни мерекеге арналған демалыс 4 күнге созылмақ. Әзірге коменданттық сағаттың енгізілмейтіні белгілі. Дегенмен сақтық талаптары қатаң қадағаланады. Құрбан шалынады. Алайда мұнда да маска мен арақашықтық сақтау міндет. Тек жергілікті әкімшілік белгілеген жерлерде ғана құрбандық шалуға болады. Сақтық шараларын сақтау мақсатында құрбандықты бірінші күн ғана емес, 4 күн бойы шалу жоспарланған. Бұдан бөлек, елде құрбандыққа онлайн тапсырыс беру орындары іске қосылды.

Биыл Сауд Арабиясы қажылыққа келетіндердің санын 10 мыңға дейін қысқартты. Оның 30 процентті корольдің құзырындағы адамдар болатыны белгілі. Қалғандары Сауд Арабиясында тұратын жасы 20 мен 50 аралығындағы шетел азаматтары болмақ. Барлығы коронавирусты анықтайтын тест тапсырып, дәрігерден созылмалы ауруы жоқ деген анықтама алуы керек. Сауд Арабияның дін істері жөніндегі министрлік қазір қажылыққа қатысатындардың барлығы 7 күндік карантинде екенін хабарлады. Ал қажылық кезінде Меккеге рұқсатсыз келгендерге 10 мың реал, немесе 2 666 доллар айыппұл салынатын болады.

Хабар 24 телеарнасы