427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранда коронавирус індетінің екінші толқыны жүріп жатыр

  • 295
  • UPD: 20:00, 22.07.2020

Әлемде індеттің таралуы бәсеңдемей тұр. Статистикаға сәйкес, жаһанда вирус жұқтырғандар саны 15 миллионға жуықтады. Кей мемлекетте бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелуде. Вирус өршіп тұрған АҚШ, Иран мен Австралия билігі елде маска тағу режимін енгізіп отыр. Ал мамандар халықты оқшаулану тәртібін сақтауға шақырады.

Әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 15 млн жуықтады. Бұл Джонс Хопкинс университетінің мәліметі. Науқастардың саны бойынша алғашқы орында АҚШ тұр. Онда шамамен 4 млн адам қауіпті дертке шалдыққан. Елдің 16 штатында індет өршіп барады. Әсіресе Техас пен Калифорниядағы жағдай күрделі. Бұл өңірлерде өлім-жітім мен дімкәс жандардың қатары күннен күнге артуда. Таяуда Техас штатындағы абақтыда 500-ден астам сотталушыға КОВИД-19 диагнозы қойылды. Ал Калифорнияда індеттің құрығына іліккендердің қарасы 400 мыңнан асты. Күніне шамамен 8 мыңнан астам адам инфекция жұқтырады. Жергілікті билік «аймақ тұрғындарын жаппай тестілеуден өткізу керек» деген шешім қабылдады. Ал Ақ үй басшысы американдықтарды әлеуметтік арақашықтықты сақтап,  маска тағуға шақырады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Бүгінгі жағдайға әрбір АҚШ азаматы жауапкершілікпен қарау керек. Ұнатсақ та, ұнатпасақ та  міндетті түрде маска тағып жүруіміз керек. Өйткені бетперденің вирустан қорғайтынын білеміз. Коронавирустан балаларға қарағанда ересек адамдар зардап шегетіні мәлім. Сондықтан қорғаныш заттарға немқұрайдылық танытпаған жөн. 

Марк Гали, Калифорнияның денсаулық сақтау агенттігінің хатшысы:

- Індеттің таралуын тоқтату үшін барын салсақ та Калифорнияда 400 мыңнан астам адам ауырып қалды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесіне көп көңіл бөлініп жатыр. Аймақтағы жағдайды оңалту үшін бес аптаға дейін уақыт кетеді. 

Соңғы тәулікте Иранда КОВИД-19 індеті 229 адамның өмірін жалмады. Бұл пандемия басталғалы ең үлкен көрсеткіш. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауынан жергілікті билік тұрғындарға маска тағуды міндеттеді. Тегеранда бассейндер мен фитнес клубтар жабылды. Мамандардың болжамы да көңіл көншітпейді.  Ал ел Президенті Хасан Рухани аймақта коронавирустың екінші толқыны басталғанын айтып, халықты барынша сақтануға шақырады.

Хасан Рухани, Иран Президенті:

- Осы уақытқа дейін 25 млн адам вирус жұқтырған. Оның 14 мыңнан астамы жан тапсырды. Басым көпшілігі дертінен айығып шықты. Десе де, мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Халықтың шамамен 35 млн-ы қауіпті кеселдің зардабын тартуы мүмкін.

Австралиядағы жағдай да мәз емес. Індеттің эпиорталығына айналған Виктория штатында бір күннің ішінде 484 адам инфекцияға шалдыққан. Билік өкілдері жергілікті халықтың тәртіпке бағынбауы жағдайды одан әрі ушықтырды деп отыр. Мәселен, жүргізілген зерттеулерге сәйкес, ауру симптомдары пайда болған 10 науқастың тоғызы өзін өзі оқшауламаған. Вирус түрмелерде де кең етек жаюда. Осыған орай елдің 6 абақтысы карантинге жабылды. Ал, бейсенбіден бастап елде маска тағу ережесі енгізілді.

Бретт Саттон, Виктория штатының денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұлай жалғасатын болса науқастардың саны азаймайды. Жағдай одан бетер күрделенеді. Күніне 500 мың адам дертке шалдықса таң қалмаймыз. Сондықтан әр азамат тәртіпке бағыну керек. Дертің таралуына тосқауыл қою үшін ең қарапайып тәсілді орындау қажет. Бұл карантин мен оқшаулану ережесі. 

Дертке дауа табылмайынша аурудан аман қалудың жалғыз ғана жолы жеке бас гигиенасы мен карантин екені мәлім. Мамандар болса, мұқым жұртқа бұл ережені қаперінен шығармағаны абзал екенін айтудан жалықпайды. 

Авторлары: Арайлым Жақсылыққызы, Айдана Кәрібжанова

Хабар 24 телеарнасы