429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франция жастары карантиннен кейінгі күнін уайымдап отыр

  • 256
  • UPD: 12:42, 24.07.2020

Баяу жарылатын бомба. Карантиннен кейінгі жұмыссыздықты француздар қазір осылай атап жүр.  Өйткені бүгінде бүкіл ел бойынша 4 миллионнан астам азаматқа жұмыс керек. Осы ретте билік өкілдері бұған құр қарап қалмай, экономиканы жаңғыртудың жаңа жоспарын әзірледі. Онда жастарға жіті көңіл бөлу көздеген. Себебі қазір көмекке аса мұқтаж адамдар - дәл осы санаттағы азаматтар.

Болжам бойынша, жазғы демалыстан кейін Францияның еңбек нарығына 800 мыңдай жас маман қосылады. Алайда, санитарлық дағдарыс пен рекордтық рецессиядан соң нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың арасы айтарлықтай алшақтайын деп тұр.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Біз қазір санитарлық дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз. Экономикалық пен әлеуметтік дағдарыс тағы бар. Олардың уақыт өте күрделе түсетіні сөзсіз. Сондықтан біз қолдан келгенше ел азаматтарын қолдап, қорғауға тырысуымыз қажет. Саралап қарайтын болсақ, қазір ең көп зардап шегіп отырғандар - әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар мен жастар. 

Сондықтан алдағы екі жылда бар күш жасы 25-тен төмен азаматтарға жұмсалмақ. Басты мақсат – жұмыссыз жүрген жастардың жағдайын реттеу. Соның бірі ретінде жас маманды қайта даярлықтан өткізген немесе жұмысқа алған жұмыс берушіге төлемақы беру қарастырылып жатыр. 

Элизабет Борн, Францияның еңбек министрі:

- Біз жастардың жұмысқа орналасуына қатысты қолдау көрсетуді  қатаң бақылаймыз. Бұған дейін бұл іс тек статистика үшін жасалған болуы мүмкін. Бірақ енді оны жіті назарда ұстамақпыз.

Жалпы әлеуметтік қызметтер есебіне сәйкес, биылдың өзінде Францияда жұмыс орындары 900 мыңға қысқарады. Ал жастарды қолдау бағдарламасы болса, тым қымбат. Шамамен 6,5 миллиард еуро. Бірақ ол сәтті іске асар болса, ел экономикасы мыңдаған жоғары білікті маманмен толығуы мүмкін. 

Авторлары: Алия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы