429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда жедел жәрдемді сағаттап күткен тұрғындар медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгірген

  • 296
  • UPD: 20:57, 27.07.2020

Өзбекстанда жедел жәрдем үлгермей жатыр. Кешігіп келген медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндер де табылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасын Біркенов, тілші:

– Медициналық бригадалар шақыртулардың бәріне барып үлгермей жатыр. Соңғы екі аптада жәрдемді жедел қажет ететіндердің саны бірден үш есе өскен. Мұнда хабарласқандардың 90 проценті дене қызуының көтерілгенін, тыныс алу қиындағанын әрі дәм сезбейтінін айтып шағымданады.

Қазір Ташкенттің тұрғындары жедел жәрдемді сағаттап күтуге мәжбүр. Бұған наразы жұрт қатты ашулы. Бірақ ақ халаттылардың осыған қатысты айтар өз уәжі бар.

«Жедел жәрдемнің кешігіп келуі қызметкерлерге қатысты емес. Бұл – көптеген ресурстың жетіспеушілігінен, денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалардан туындап отырған мәселе. Бұрын бригадалар бір ауданнан 100-200 шақырту алса, қазір бұл сан үш есе өсіп отыр. Бір ауысымда 600-700 шақырту аламыз. Түскі асымызды кешкі сағат 6-7-де, ал кешкі тамағымызды түнгі 1-2-де ішуге мәжбүрміз. Оның өзінде тамақты өзімізбен бірге алып жеуге тура келеді».

Дегенмен тағаты таусылған тұрғындар жедел жәрдем қызметкерлерін жерден алып, жерге салатын көрінеді. Ол аздай, ашуға булыққандар жұдырықтарын ала жүгіріп, төбелесіп кеткен кездер де болған.

Дилфуза Рахимова, Алмазар ауданы хәкімінің баспасөз хатшысы:

– Індет дендеген сайын жұрттың үрейі қашып отыр. Сол себепті адамдар жедел жәрдем станциясына келіп, жанжал шығарады. Тіпті медициналық бригада қызметкерлерін ұрып-соққан жайттар да болды.

Жедел бригаданың жәрдем көрсетуге үлгермей жатқан себептерінің бірі – медициналық көліктердің тапшылығы. Осынау қиын-қыстау кезеңде Узавтомоторс секілді елдегі жалғыз автоөндіріс кәсіпорны халықтың қайғысынан табыс табуды ойлап жүргені қынжылтады деп Өзбекстан Парламентінің депутаты Расул Көшербаев өзінің телеграмм парақшасына жазып, жедел жәрдемге арналған көліктерді қымбат бағамен сатып жүр деп монополист компанияны сынға алды.

Расул Көшербаев, Олий мажлис заңнамалық палатасының депутаты:

– 24 жыл бойы халықпен біргеміз деп жүрген монополист бұл қиын кезеңде жұртпен бірге екенін дәлелдесе болмас па еді. Егер бұл халық ертең-ақ құрып кетсе, компанияның «еркелігін» кім көтереді? Сапасы орташа көліктерін кім сатып алады? Егер осы халқың болмаса, сен, монополист досым, түкке тұрмай қаласың!

Жедел жәрдемнің жұмысын жеңілдету үшін жергілікті билік әр ауданның әкімдігі жанынан осындай колл-орталықтарын ашты. «103» байланыса алмаған жұрт осы жерге хабарласып, керек көмегін ала алады.

Дилфуза Рахимова, Алмазар ауданы хәкімінің баспасөз хатшысы:

– Колл-орталықтың қызметкерлері шағымданған азаматтың жағдайын емханаға хабарлайды. Кейін бұл медициналық мекемеден науқастың үйіне арнайы жедел бригадасы жіберіледі. Егер аурудан коронавирус белгілері анықталса, оны бірден клиникалық ауруханаға жеткіземіз.

Әлеуметтік желіде науқастарды стационарға қабылдамау деректері туралы да жазылып жатыр. Қайта биліктегілер ауруханаларда коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын төсек-орын жеткілікті дейді. Медицина қызметкерлері екі апта бойы осында қонып, тапжылмай жұмыс істейтін көрінеді.

Жасанды тыныс алу аппараттары мен емге қажет дәрі-дәрмек те баршылық деп сендірді өзбекстандық шененуніктер. Ал жедел жәрдем жайбасарлық танытты деп станция ғимаратына тас лақтырып, дәрігерлердің басын жармақ болған азаматтарды сабырға шақырады.

«Дәрігерлерге сес көрсету – барып тұрған санасыздық. Олар да біз секілді адам ғой. Күн-түн демей, өз өмірін қауіпке тігіп, бізді ажалдан аман алып қалып жатыр. Олардың алдында тізе бүгіп, шексіз алғысымызды айтуымыз шарт. Ақ халаттыларға тас лақтыру - ақымақтың ісі».

Қазір медициналық жоғары оқу орындарының студенттері де белсенді. Олар дәрігерлерге түсетін ауыртпалықты азайту үшін науқастардың үйлеріне дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізіп, қажет болса, дәрі егіп, қан қысымын өлшеп беруге дайын.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы