429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


КХДР-да коронавирус жұқтырған бірінші адам үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяға қашып кеткен

  • 246
  • UPD: 22:02, 27.07.2020

Испанияда коронавирус қайта күшейіп, кәрі құрлықты алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбритания мен Норвегия осы елден келгендердің барлығын карантинге жіберіп әлек. Франция билігі мұндай қадамға бармағанмен, өз азаматтарын Каталонияға саяхаттаудан бас тартуға шақырды. Францияның өзінде де вирустың жаңа ошағы тіркеліп, билік шектеу шараларын қатаңдатуға көшті. Карантин Африка елдерінде де күшейтіліп жатыр. Әрине бұл демалушылардың көңіліне кірбің түсіргені сөзсіз. Өйткені Британия билігі бұл шешімді күтпеген жерден жария етті.

Испанияда өткен айда күнделікті расталған деректер саны 250 шамасында болатын. Алайда осы аптада тәуліктік көрсеткіштер мыңнан азаймай тұр. Әсіресе Каталониядағы жағдай алаңдатарлық. Мұнда енді алдағы екі апта бойы түнгі клубтар мен барлар жабық болады. Барселонада жағажайдағы демалыс бойынша шектеулер енгізілді. Мәдени және спорттық шараларды өткізуге тыйым салынды. Билік жастар арасында індетті жұқтыру деректері артып бара жатқанын айтады. Өйткені карантин алынып тасталғасын, олар көп адам болып, бар мен түнгі клубтардан шықпайтын болған. Бұл орындардың уақытша жабылуы да осыған байланысты. Дегенмен билік жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтады. 

Испания билігі бәрі дұрыс дегенімен, өзге елдер сақтық қамына кіріскен. Солардың қатарында Ұлыбритания бар. Британ билігі Испаниядан келген азаматтарды 2 аптаға карантинге жіберетінін жария етті. Сөйтіп, бұл шешім бір жарым миллион британдық турист үшін күтпеген жаңалық болды. Олардың арасында Испания шипажайларында қазір демалып жатқандар да, тақауда сонда саяхаттамақ болғандар да бар.

БЛИЦ:

– Бұл ақылға қонымсыз шешім. Өйткені Испанияда барлық қауіпсіздік шаралары сақталатынына көзіміз жетті. Мұндағы жағдай Ұлыбританиядағы ахуалдан әлдеқайда жақсы дер едім.

– Негізі осылай боларын біліп едім. Өйткені Испанияда расымен вирус жұқтырушылар саны артып барады. Бірақ биліктің карантин туралы шешімін тосыннан жария еткені дұрыс болмады.

Франция билігі Испаниядан келгендерді карантинге жібермесе де, өз азаматтарына әзірге Каталонияға бармай-ақ қоюға кеңес берді. Негізі Францияның өзінде, дәлірек айтсақ батысында вирустың жаңа ошақтары тіркелген. Науқастардың барлығы дерлік – 18-25 жас аралығындағы тұрғындар. Сондықтан өңір билігі жастардың көп болып жиылуына жол бермеу үшін кешкі уақытта саябақ пен жағажайды уақытша жабатын болды. Билік шұғыл әрекет етпесек, вирустың екінші толқыны басталып кетуі мүмкін дейді. 

БЛИЦ:

– Мен вирустың екінші толқыны болады деп ойламаймын. Оны ешкім де қаламайды. Сондықтан қазір бұрынғыдай емес, көшеде маска тағып жүргендер көбейген.

– Кейбіреулер соңғы уақытта тым босаңсып кеткендей. Биліктің қоғамдық орында маска тағуға міндеттегені дұрыс болды. Бәріміз бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Бұл Еуропадағы жағдай. Ал Азияға келетін болсақ, Вьетнамда соңғы 102 күнде алғаш рет коронавирус жұқтыру дерегі анықталды. Әзірге 4 науқас жайлы белгілі. Барлығы Дананг қаласында тіркелген. 4 науқастың екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Негізі, осы Вьетнам вирусты тез жеңіп шыққан мемлекет саналады. Мұнда бас-аяғы 420 дерек қана тіркелген. Және бірде-бір науқас көз жұмған жоқ. Енді міне, сәуірден бері алғаш рет жаңа оқиғалар расталып отыр. Сондықтан билік Дананг қаласындағы кәсіпорындарды жапты. 30 адамнан артық жиналуға тыйым салды. Сонымен қоса шұғыл түрде шаһарда жүрген 80-ге жуық демалушы отанына кері қайтарылатын болды.  

Солтүстік Кореяда алғаш рет коронавирусты жұқтыру дерегі расталды. Бұл туралы жергілікті KCNA агенттігі хабарлайды. Науқас 3 жыл бұрын Оңтүстік Кореяға қашып кеткен екен. Алайда өткен аптада отанына оралса керек. Осы ретте Ким Чен Ын шұғыл отырыс өткізді. Және бұл оқиғаның жіті тергелуін талап етті. Өйткені науқастың екі ел шекарасындағы күшейтілген күзеттен қалай өткені әзірге белгісіз. Ал Оңтүстік Корея билігі бұл қашқынның вирус жұқтырғанын растамай отыр.

Юн Тхэ Хо, Оңтүстік Кореяның төтенше жағдайлар жөніндегі орталық басқармасының өкілі:

– Бұл азамат біздің елімізде не коронавирусты жұқтырғандар қатарына, не олармен байланыста болғандар санатына жатқызылмаған. Қашқынмен тығыз қарым-қатынаста болған екі адамды тексердік. Олардың тесті теріс нәтиже көрсетті.

Жалпы, осы Оңтүстік Кореядағы шетелдіктер арасында вирус жұқтырғандар көбейген. Ал жергілікті заң бойынша олар қай елден келгеніне қарамастан, тегін емеделеді. Коронавирусты жұқтырған бір науқасты емдеу құны орта есеппен 7 жарым миллион вон, теңгеге шаққанда 2 жарым миллионнан асады екен. Осы ретте билік тегін медициналық көмек алу мақсатында елге ағылған шетелдіктер саны артып кете ме деп қауіптенеді. Сондықтан заңға вирусты жұқтырған шетелдіктерді өз ақшасына емдету туралы өзгертулер енгізу мәселесін қарастырып жатыр. 

Коронавирус Африкада да өршіп барады. Мұнда расталған дерек саны 850 мыңға таяп қалды. Мароккода бүгіннен бастап 8 қала жабылды. Ал Алжирдің 29 провинциясында коменданттық сағат тағы 15 күнге ұзартылды. Сөйтіп кей елдерде қауіп сейіле бастағанмен, әлемнің өзге бір тұсында вирус қайта күш алып тұр. Сондықтан бұл індеттің қашан, қай уақытта тоқтайтынын әзірге ешкім тап басып айта алмасы анық. 

Хабар 24 телеарнасы