426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустың екінші толқыны: Еуропа демін ішіне тартты

  • 235
  • UPD: 20:49, 28.07.2020

Испаниядағы Каталония үкіметінің басшысы тұрғындарға үндеу жасап, алдағы 10 күнде жағдай түзелмесе, карантин талаптарын күшейтетінін ескертті. Өйткені коронавирус қайта белең алып барады. Мәселен, соңғы екі аптада Испанияда 16 мыңға жуық адам вирус жұқтырса, соның тең жартысы Каталонияда тіркелді. Мұның бір себебі карантин талаптары жеңілдетілген соң жастар түнгі клубтар мен барлардан шықпайтын болған. Алайда таяуда мұндай ойын-сауық орындары жабылған. Бірақ жастар үйді үйге жиналып, көңілді кеш ұйымдастыруын жалғастырып жатыр. Билік ойын-тойды доғарып, қазіргі жағдайға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырып әлек.

Ким Торра, Каталония үкіметінің төрағасы:

- Жаздың алдағы 10 күні біз үшін маңызды кезең болмақ. Біз осы уақыт ішінде жағдайды бақылаймыз. Ынтымақтастығымыздың арқасында күрделі кезеңнен өте аламыз ба, жоқ па, 10 күннен кейін белгілі болмақ. Егер одан түк шықпаса, карантинге қайта ораламыз. Жастар әлі күнге дейін сауық кештерін ұйымдастырып келеді. Өңірдегі ахуалдың қандай екенін білесіздер. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қараңыздар. Өйткені жаңадан тіркеліп жатқан науқастар қатарында жастар көп.

Ал Бельгия билігі бірден әрекетке көшті. Сөйтіп, АнтвЕрпен провинциясында комендаттық сағат енгізді. Өйткені өңірде вирус жұқтырғандар саны күрт артып барады. Енді тұрғындар түнгі 23:30-дан таңғы 6-ға дейін тысқа шыға алмайды. Жергілікті компанияларға қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіруге кеңес берілді. Дәмхана мен мейрамханалардың жұмыс уақыты шектелді. 

Германияда да соңғы бірнеше аптада індет жұқтырғандар саны артқан. Мәселен, өткен тәулікте 633 дерек тіркелді. Бір күн бұрын ғана ол көрсеткіш шамамен екі есе аз болған еді. Енді мұнда эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келгендердің барлығы тест тапсыруға міндеттеледі. Кей сарапшылар «Германия коронавирустың екінші толқынының алдында тұр» десе, енді бірі оның басталып кеткенін айтады. Ал енді біреулері «бұл толқын вакцина жасалмаса, қайталана береді» дегенді алға тартады. 

Ал Ұлыбританияда осы уақытқа дейін 300 мыңнан астам адам короновирус жұқтырып, 46 мыңға жуық адам бақилық болған. Ал кеше, бір күннің ішінде 700-ге жуық жаңа Сovid-19 тасымалдаушылары тіркеліп отыр. Бұл жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау органдарының деректері. Эпидемиялық жағдай біршама жақсарып, елде локдаун талаптары жеңілдетілгендіктен коронавирустың екінші толқынының қаупі төніп тұр. Қазір Лондоннан Ғалымжан Қараманұлы бізбен тікелей байланысқа шығады. Қайырлы кеш, Ғалымжан. Карантин тағы да жариялануы мүмкін бе және британялықтар бүгінде сақтық шараларын қаншалықты сақтап жүр? 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Екінші локдаунның болуы әбден мүмкін. Тіпті коронавирустың екінші толқыны өте қатерлі болуы ықтимал. Бұл сарапшылардың пайымы. Еуропада тіркелген жаңа жағдайлар британиялықтардың көрші елдерге барып демалуына кедергі болып тұр. Ұлыбритания Испаниядан оралған азаматтарына 14 күндік карантинде болуды міндеттеді. Тіпті Еуропадағы танымал демалыс аймағында тынығуға тыйым салды. Испания Премьер-министрі Педро Санчес демалыстан оралғандарды карантинге қамау әділетсіз деген пікірлер де айтылып жатыр. 

Хелен Уэйтли, Ұлыбритания парламентінің депутаты:

- Меніңше, біз халықтың ойындағысын жүзеге асырдық. Испанияда вирустың жаңа толқыны тіркеле салысымен біз тиісті шараларды қолға алдық.

Британиялықтардың түйген басты пайымы - тоқмейілсуге әлі ерте және қауіпсіздік шараларын толық ұстану керек. Көрші елдердегі жағдай көрсетіп тұрғандай коронавирус ешқайда кеткен жоқ және кез-келген уақытта қайтып оралуы мүмкін.  

Жақында Ұлыбритания билігі хабарлаған оксфродтық вакцинаның клиникалық сынақтары жайында да айта кетсеңіз?

- Өздеріңіз білетіндей, вакцина вирусты немесе вирустың бір бөлігін қайталайды, иммундық жүйені антиденелер шығаруға ынталандырады. Вакцина қазір үш клиникалық сынақ болса, соның екінші сатысында. Еріктілерге тесттен өткізіліп жатыр. Айта кететін бір жайт: Талап күшейтілгеннен кейін қоғамдық көлікте және жабық орныдарда халық бетперде киіп жүр. Бірақ кей қалалар инфекцияның өршуіне төтеп бере алмай отыр. Мысалы, Лестер әлі күнге дейін локдаун құрсауында. Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок қалада карантинді тағы екі аптаға ұзарту мүмкін екенін айтты. 14 күн бұрын жергілікті билік ковид инфекциясын ауыздықтауға шамасы келмегенін мойындаған болатын. Естеріңізге сала кетейін, Лестер - Ұлыбританиядағы жергілікті деңгейде карантинге жабылған алғашқы қала.

Софи Вильмес, Бельгия премьер-министрі:

- Демалыс күндері алынған мәліметтер көңіл көншітпейді. Әсіресе АнтвЕрпендегі жағдай алаңдатарлық. Бұған дейін бір тұрғын аптасына 15 адаммен кездесе алатын. Енді 29 шілдеден бастап ол сан 5-ке дейін азаяды. Сонымен қоса кісі көп жиылатын орындардағы адам саны 100-ден аспау керек. Қатаң карантин енгізбеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Бұл жайлы тіпті шетелге шықсаңыз да ұмытуға болмайды. 

АҚШ-қа келетін болсақ, жергілікті Модерна биотехнологиялық компаниясы коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізудің үшінші әрі соңғы кезеңін бастап кетті. Бұл әлемдегі ең ауқымды зерттеу. Оған 30 мың ерікті қатысады. Жобаның қаржысы да қомақты. АҚШ билігі қосымша 472 миллион доллар бөлген. Көктемде ғана осы Модерна компаниясы вакцина жасап шығаруға 483 миллион алған еді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біз бұл вирусты жеңеміз. Модерна компаниясы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің соңғы кезеңін бастап кетті. Санаулы күннен кейін тағы бір екпені, сосын бір-ер аптаның ішінде 4 препаратты клиникалық сынақтан өткізудің соңғы кезеңі басталады. Біз әдетте бірнеше жыл уақытты қажет ететін жұмысты шектеулі мерзімдеа орындап шықтық. 

Майкл Пенс, АҚШ вице-президенті:

- Мамандарымыз қолдағы вакцинаға үлкен үміт артады. Болжам бойынша осы жылдың соңына қарай не болмаса, келесі жылдың басында жаһанды жайлаған дертке дауа табылатынына сенеміз. Барлық сақтық шараларын ескере отырып зерттеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз.  

Еуропалық ғалымдардың коронавирусқа қарсы препараты 2021 жылдың қаңтар айында сатылымға шығуы мүмкін. Дәріні Оксфорд университетінің мамандары АстраЗенека компаниясымен және италиялық ғалымдармен бірлесіп жасаған. Келісімге сай бұл екпе алдымен Италия мен Ұлыбританияға, кейін Нидерланд, Германия мен Францияға жеткізіледі. Құны 2-3 еуро. Барлығы шамамен 30 млн доза өндірілмек. Бірінші кезекте дәрі инфекцияны ауыр өткеретін адамдарға егіледі.

Хабар 24 телеарнасы