419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия халқының басым бөлігі онлайн құрбандық шалу қызметін таңдады

  • 347
  • UPD: 20:24, 29.07.2020
Түркия халқының басым бөлігі онлайн құрбандық шалу қызметін таңдады

Мұсылман әрі туыс ел Түркияда Құрбан айт алдында сақтық шаралары күшейілді, хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өлкеде онлайн құрбандық шалу тәсілі мен мұқтаж жандарға құрбандықтықты толық бағыштау әдісі басым. Анадолы жұрты жылда діни мейрамда шамамен 900 мың ірі қара және 2,8 миллиондай қой-ешкі сойған. Коронавирус кезінде жағдай қалай болмақ?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Онлайн құрбан шалу Түркияда жаңа тәсіл емес. Көп жылдан бері қалыптасқан тәжірибе. Ағайынды жұрт дінде бар өкіл беру үлгісіне бұрыннан үйренген. Қазір дерттің кең тарап кетпеуі үшін таптырмас әдіс болып отыр. Сондықтан елдегі ет мекемелері мен кәсіпорындары арнайы интернет парақша ашып, төрт түлікті сатуға шығарды. Тұтынушы SMS арқылы өкілдік беріп, онлайн төлем жасайды. Мәселен, биыл ұсақ малдың бағасы – 54 мың, ал ірі қараның құны 418 мың теңгеден басталады. Бүгінде бұл қызметпен жергілікті азық-түлік дүкендерімен қатар жергілікті дәмхана-мейрамханалар да айналысуда. Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша табыс көзі болса, COVID жағдайында мұсылмандық міндетті атқарушылар үшін де сақтық шарасы.

Эрол Ташер, тұрғын:

- Биыл құрбандық шалмаймын. Бірақ жақындарым мен достарым онлайн құрбан шалу әдісін қолданады. Өзіміз атқаруға қорқып отырмыз. Бәрібір арақашықтық бұзылып, ауру жұқтырып алуымыз әбден ықтимал.

Али Эфе Қараоғлұ, тұрғын:

- Биыл құрбандығымызды «Түрік Қызыл айы» ұйымына бағыштадық. Толық мұқтаж жандарға кетеді. Ыңғайлы әрі құны да нарыққа қарағанда арзан.

Алайда, елде мал базарына барып, көзбен көріп, қолмен ұстап көргісі келетіндер де бар. Сондықтан әр провинция мен олардағы аудандардың белгілі жерлерінде мал базарлары құрылған.

Эмрах Айдын, құрбан шалушы:

- Өз көзіммен көріп, құрбандық малымды таңдағым келді. Бәрі ислам ережелерінен сай жасалуы тиіс. Онлайн құрбандыққа үйрене қойған жоқпын.

Мал базарында ереже қатаң. Арақашықтық сақтап, бетперде тағу – міндет. Тіпті сатушы мен алушы саудаласқан кезде қол алыспай келісуі қажет. Мұны жадында ұстаған базаршылар жаңа әдіс ойлап тауыпты.

Дұрсын Елмас Анкараға жылда Сивас провинциясынан келіп, құрбан малын сатып күн көреді. Оның айтуынша, халықтың көптен онлайн құрбан шалу әдісіне өтуі базардағы сауданы әбден әлсіретті.

Дурсун Элмас, сатушы:

- Биыл халықтың дені онлайн құрбан шала бастады. Сауда жоқ. Былтыр осы уақытта барлық малым сатылған. Бір аптада тек 6-7 қой саттым. Біздің күн көрісіміз не болмақ?

Түркияда Құрбан айтта коменданттық сағат енгізілмейді. Дегенмен қоғамдық жерлерде жиналуға болмайды. Ережені бұзғандарға айыппұл мен бас бостандығынан айыру түріне дейінгі жаза қолданылуы мүмкін. Қатаң шектеулерге қарамастан, қалааралық жолдар айт күндері ақысыз болады.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы