426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Францияда дертке шалдыққандар саны күрт артты

  • 124
  • UPD: 12:28, 30.07.2020

Францияда коронавирус індетін жұқтырғандардың саны бір аптаның ішінде 26 процентке артты.

Кей сарапшылардың пікірінше, қазір елде аурудың екінші толқына басталуда. Жергілікті билік болса бұл пікірмен келіспейді. Кластерлер, яғни індеттің ошақтары елдің бірнеше өңірлерінде тіркелген. Аймақта жаппай оқшаулану режімін енГізбеу үшін Францияның санитарлық қызметі оларды жеке-жеке зерттеп, кей  тұрғындарды екі апталық карантинге жібермек. Бүгінде осындай 130 ошақ тексерілуде. Оның ең ірісі елдің солтүстік батысында орналасқан Бретань ауданында тіркелді. Онда 15 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған кештен кейін бірден 58 адам вирус жұқтырған екен.

Оливье Веран, Францияның денсаулық сақтау министрі:

- Біз әр жағдайды жеке зерттейміз. Өйткені жаппай оқшаулану режиміне қайта оралғымыз келмейді. Дертті ауыр көтеретін, әрі вирус жұқтыру қаупі жоғары тұрғындарды қорғауымыз керек. Халық індетпен күрес әлі де жалғасып жатқанын түсінсе деймін. Бұл маусымдық ауру емес екенін айтқан болатынмын. Елдің оңтүстік өңірінде күн ысып тұрса да вирустың таралуы дес бермей тұр.

Қазір ел тұрғындарының басым бөлігі еңбек демалысында болғандықтан жергілікті  билік шекарадағы санитарлық бақылауды күшейтті. Ал туристер көп шоғырланған жерлерде маска тағу ережесі енгізілді. Саяхатшыларға ғимарат ішінде ғана емес, сыртта да бетперде киіп жүру міндеттелді. Ал тамыздың 1-інен бастап шет елден келгендердің барлығында коронавирусты анықтайтын тесттің нәтижесі болуы керек. Оны әуежайда да тапсыруға болады. Сонымен қатар барлық кәсіпорындар мен мекемелерде қызметкерлерге арналған қорғаныш заттардың қоры 10 аптаға дейін жететіндей болуы шарт.

Хабар 24 телеарнасы