426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Минскіге әскери техника тартылып жатыр

  • 674
  • UPD: 16:42, 30.07.2020

Беларусь астанасына әскери техника тартылып жатыр. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Әскери көліктер колоннасы Минскідегі әскери бөлімдердің біріне бет алған. Кей мәліметке қарағанда, бұл шара Минск маңында ресейлік азаматтардың ұсталуынан кейін қабылданды. Ел президенті Александр Лукашенко ресейлік құрылымдар түсініктеме беруі тиіс дейді. Оқиғаға қатысты Ресей тарапы да пікір білдірді.

29 шілдеге қараған түні Беларусь Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қызметкерлері  Минск маңындағы шипажайлардың бірінде ресейлік 32 азаматты ұстады. Тағы біреуі елдің оңтүстігінде қолға түсті. Арнайы қызмет мамандарының мәліметінше, барлығы жекеменшік әскери компанияның сарбаздары. Кейін олардың есімдері БАҚ-та жарияланды. Беларусьтің тергеу комитеті бұл жайтқа қатысты тексерісті бастап кетті.

Александр Лукашенко бұл оқиғаны төтенше оқиға деп бағалады. Беларусь басшысы Қауіпсіздік кеңесінің қызметкерлерімен жиын өткізіп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ресей Федерациясының тиісті құрылымдарына шұғыл сауал жолдау керек деп мәлімдеді.

Александр Лукашенко, беларусь президенті:

- Ресей тарапы ақталуға тырысып жатыр. Тіпті оларды ел аумағына өзіміз кіргізді дегенді меңзеп отыр. Теріс пиғылдарын осылай ақтамақ. Сондықтан бұл оқиғаға қатысты барлығы айқын әрі ашық болуды қалаймын.

Кейін бұл жайтқа қатысты Ресей тарапы пікір білдірді. Мемлекеттік Думаның ТМД істері жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Калашников ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған деректердің растығына күмәнмен қарайтынын айтты.

Леонид Калашников, Ресей Мемлекеттік Думасы ТМД істері комитетінің төрағасы:

- Мұның ресейлік компания болуы мүмкін емес. Себебі бұл Ресейдің мүддесіне жат және Ресей билігі еш уақытта бұндай ойындарға қатыспайды. Оған қоса әрдайым Александр Лукашенконы қолдап отырады. Батыстан арандатушылық бар десе түсінер едім. Бірақ Ресей осындай істермен айналыса бастады деу ақылға қонбайды.

Ал жазушы Захар Прилепиннің бұл мәселеге қатысты өз пікірі бар. Оның айтуынша, ұсталған ресейлік азаматтар жекеменшік әскери батальонда қызмет етеді. Белсенді өз телеграм-каналында «сарбаздар Минск арқылы өзге аймақтарға өтпек болды» деген ойымен бөлісті.

Алайда мұны Беларусь тарапы жоққа шығарып отыр.

Арнайы қызмет мамандарының мәліметінше, мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін 200 шетелдік әскери жіберілген.

Андрей Равков, Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік хатшысы:

- Жекеменшік әскери компанияның жасағы өзге жерге жіберілсе, әсіресе Беларусь аумағы арқылы  тиісті арнайы қызметтерден қандай да бір түсініктеме болар еді. Өйткені бұл өте маңызы мәселе. Алайда, федералды қауіпсіздік қызмет те, бас тергеу басқармасы да не болмаса өзге құрылымдардан да еш түсініктеме болған жоқ.

Өткен аптада Беларусь басшысы елде шетелдің жекеменшік әскери компаниялары әрекет етуі мүмкін деп ескерткен болатын. Лукашенконың айтқаны орындалды. Енді ел билігі шекаралардағы бақылауды күшейтіп жатыр. Арасында Ресеймен арадағы бекеттер де бар. Ал Кремль әзірге мәлімдеме жасамады.

Хабар 24 телеарнасы