423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан халқы коронавирустан қайтыс болғандарды еске алды

  • 208
  • UPD: 22:46, 30.07.2020

Қырғызстанда бүгін Аза тұту күні жарияланып, коронавирус ауруынан қайтыс болған азаматтарын еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аза тұту күнінде президент Сооронбай Жээнбеков пен қырғыз халқына көңіл айтты. Індет кезінде ел аумағында бір мың үш жүзден аса адам қайтыс болған. Олардың қырықтан астамы – медицина қызметкері. Бұл күні елдегі ғимараттар мен шетелдегі елшіліктер мен консулдықтарда ұлттық ту төмен түсірілді.

Пандемия басталғалы Қырғызстанда коронавирус пен пневмониядан бір мың үш жүз алпыс төрт адам қайтыс болды. Ал шілдеде эпидемиологиялық ахуал ушығып, көп адам кеселден көз жұмды. Наурыз айында жарияланған карантин аурудың кеңінен таралуына тосқауыл қойған еді. Алайда коменданттық сағат алынып тасталғаннан кейін, вирус тез тарала бастады. Соңғы мәліметтер бойынша, Қырғызстанда CОVID-19 дертіне 35 мыңнан аса адам шалдыққан. Соңғы бір тәулікте ауруды жұқтырудың 631 дерегі тіркелді.

Айнұр Акматова, қырғыз республикасы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Соңғы бір тәулікте зертханада расталған коронавирус ауруынан 17 адам қайтыс болды. Бішкекте 9, Шу облысында 2, Жалал-Абад облысында 2, Нарын облысында 2 адам дүние озды.

Соңғы бір аптада індет басыла бастады. Шілде айының ортасында күн сайын бір мыңнан аса науқас анықталып жүрсе, қазір бұл көрсеткіш 30 процентке төмендеді. Барлық елді мекенде күндізгі және түнгі стационарлар ашылып, онда жеңіл түрде ауырған науқастарға медициналық көмек көрсетіледі. Халықаралық қауымдастық жіберген гуманитарлық жәрдемнің арқасында емге қажетті дәрі-дәрмек тапшылығы азайды. Сондай-ақ жергілікті дәрігерлерге көмек беру үшін Ресейден бір жүзден аса маман келді. Олардың айтуынша, вирусты емдеуге түрлі әдістер қолданылады.

Лилия Козырева, пульмонолог:

– Сіздердің емдеу хаттамаларыңыздың біздікілерден айырмашылығы, соңғы нұсқаларыңызда вирусқа қарсы препараттар қолданылымайды. Біздің протоколдарда осы препараттар бар. Әрине бұл жаңа инфекция болғандықтан, бір де бір препараттың оған әсері дәлелденген жоқ.

Эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты үкімет мемлекеттік шығындарды қайта қарастырды. Денсаулық сақтау саласының жеті нысанын қайта жабдықтап, жаңа екі аурухана салу шешімі қабылданды. Жүз орындық клиникалар Бішкек пен елдің оңтүстігіндегі ең ірі шаһар – Ошта салынатын болды. Құрылысшыларға оларды алдағы айда іске қосу міндеті қойылды.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы