423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада коронавирус бойынша жаңа антирекорд тіркелді

  • 147
  • UPD: 12:24, 31.07.2020

Украинада короновирустың таралуы тағы да өрши түсті, хабарлайды «Хабар 24».

Бір тәулікте вирус жұқтырғандар саны 1200-ге жетті. Айыппұлға қарамастан, қаладағы түнгі клубтар мен ауық көтеру орындары жұмысын тоқтатар емес. Тұрғындар да карантин тәртібін сақтауда салғырттық танытып келеді.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Мына бір көңілді әрі адам өте тығыз жиналған би кешіне қарап, Киев тамыздың аяғына дейін карантинді ұзартты дегенге сену мүлдем мүмкін емес. Днепр жағасындағы бұл жиын дезинфекция мен дистанция және маска кию деген тәртіпті тіпті естімегенге ұқсайды. Бір-біріне сүйкеніп билеген жастар және кальян шегушілердің саны жүзге дейін жетеді. Ең өкініштісі, Киев бойынша мұндай басқосулардың санында есеп жоқ.

Марианна Рева, Украина ұлттық полициясының пресс-офицері:

- Министрлер кабинетінің 8 шілдеде қабылдаған қаулысына сәйкес, мұндай мекемелер түнгі он 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін жұмысын тоқтатуы тиіс. Тәртіпті қадағалау үшін 800 полицей жұмылдырылды. Құқық қорғаушылар көбінесе Киев қаласы карантин ережесін сақтамайтынын айтады. Тексеріс барысында 143 мекеме, оның ішінде 42 түнгі клуб пен 101 қоғамдық тамақтану мекемесінің қызметіне тыйым салынды.

Дәл осы түнгі клуб, кафе әрі мейрамханалар вирустың жылдам таралуына тікелей әсер етуде. Карантин тәртібі бойынша мұндай мекемелер түнгі уақытта жұмысын тоқтатуы қажет. Алайда, ережені елеп жатқан ешкім жоқ. Украинаның тамақ қауіпсіздігі және тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік қызмет орташа есеппен алғанда күніне онға жуық осындай клуб пен ресторанға айыппұл салады. Статистика бойынша карантин кезінде тәртіп бұзушы шағын бизнес мемлекет қазынасына 300 мың доллар штраф төлеген, дегенмен, олар айылын жияр емес.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

- Екі ай бойы күн сайын карантиннің қарапайым ережесін сақтауды сұрап келеміз. Өз денсаулықтарыңызды ойлаңыздар, жақындарыңыз бар. Қанша жерден шектеу салсақ та, жағдай ушығып тұр. Ереже мен тәртіп сақталауы тиіс.

Осылайша, Украина өткен тәулікте коронавирус бойынша бірқатар антирекорд орнатып үлгерді. COVID-19-ды жұқтырғандар саны бір тәулікте бірден 1200 адамға жетті, сондай ақ елде госпитализация бойынша мәлімет те жаңартылды. Соңғы тәулікте 250 адам шұғыл түрде емханаға жатқызылған, оның 200-і Киевте. Атап өту керек, Украинадағы шартты карантин 31 тамызға дейін ұзартылды. Шартты дегеніміз, әр облыстың жергілікті билігі аудандағы ауру ахуалына қарай ереже тәртібін өздері белгілеп отырады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы