420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда жұмысыздық деңгейі жыл соңына дейін 20%-ке дейін өсуі мүмкін

  • 170
  • UPD: 16:25, 31.07.2020
Арменияда жұмысыздық деңгейі жыл соңына дейін 20%-ке дейін өсуі мүмкін фото: armeniatoday.news

Коронавирус індетінің салдарынан Арменияда экономикалық белсенділік көрсеткіші 5%-ке төмендеді, хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық статистика комитетінің есебінше, құрылыс, сауда және қызмет көрсетудің өзге салалары қатты зардап шеккен. Жылдың аяғына дейін елдегі жұмыссыздық деңгейі 20%-ке жетуі мүмкін.

Валюта бағамының өзгеруі, әуе тасымалына салынған шектеу, Еуропадан жем жеткізудегі қиындықтар. Мұның бәрі Армениядағы бір компанияға дағдарыс кезінде де дамып, бірегей өніммен жаңа нарыққа шығуға кедергі келтіре алған жоқ. Жағдайды дұрыс талдап, тек өз күші мен қаражатына сүйеніп, осындай табысқа жетті.

Ольга Парахина, Балық өнімдерін шығаратын халықаралық компанияның құрылтайшысы:

- Өткен жылдың жазында экономикалық өсім циклы тым ұзаққа жалғасқанын байқап, күзде немесе қыста құлдырай бастайды деп ойладық. Біз негізінен ультра-фреш дәрежесіндегі өнімдермен Ресейдің сауда жүйелерін қамтамасыз етіп келдік. Әдейі ультра-фреш өніміміздің мөлшерін қысқартып, терең өңделген өнімдерді, атап айтқанда, мұздатылған жартылай фабрикаттарды көбірек шығара бастадық.

Компания 2008 және 2014 жылдарғы дағдарыстарды еңсерген болатын. Ольга Парахинаның айтуынша, фирмалары сол кезде небәрі бір жылда қалпына келді. Өкініштісі сол, осындай кәсіпорын көп емес. Мәселен мамыр айында, Армения экономикасы 13%-ке төмендеді. Соңғы 15 жылда қарқынды дамып келген қызмет көрсету саласы тоқырап қалды.

Грант Микаелян, Кавказ институтының ғылыми қызметкері:

- Бұл сала мамыр айында 20%-ке төмендеді, әрі қарай не болатынын біз білмейміз. Не де болса, биыл қызмет көрсету саласы құлдырайды. Өте терең құлағандықтан, болашақта да тез өсуі мүмкін. Алайда, туризм келесі жылы да қалпына келмейтін түрі бар.

Жылдың соңына дейін Арменияда жұмысыздық деңгейі 20%-ке дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ шетелде, атап айтқанда Ресейде жұмыс істеген еңбек мигранттары Отанына оралып, сырттан келетін ақшалай трансферт мөлшері де азайды.

Грант Микаелян, Кавказ институтының ғылыми қызметкері:

- Біз 20 мың жұмыс орнынан айырылдық. Бұл туралы премьер айтқан, карантин басталғанда 70 мың адам жұмысқа шықпай қойған. Кейін 50 мыңы қайта жұмысына оралды. Менің болжамымша, жылдың аяғына дейін 22 мың жұмыс орны қысқарады.

Індет кезіндегі тағы бір мәселе – мемлекеттік бюджет табыстарының азаюы. Үкімет сырттан қарыз алатынын жариялады. Алайда, биыл ескі берешектерін де қайтару қажет.

Грант Микаелян, Кавказ институтының ғылыми қызметкері:

- 2020 жылы Армения ескі қарыздары бойынша қомақты сома төлеуі керек. Қалай өтейтінін білмеймін. Бәлкім осы қарыздарын кейінге қалдыратын келісім жасайтын шығар. Немесе халықаралық қаржы құрылымдарынан қосымша қаражат тартып, бұл борышын толық мөлшерде өтеуі мүмкін.

Осыған қарамастан, елдің Орталық банкінің болашаққа үміті зор. Оның болжамынша, жылдың аяғына дейін экономикадағы жағдай тұрақталып, инфляция деңгейі 2%-тен аспайды.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы