426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем елдері Құрбан айт мерекесін атап өтуде

  • 260
  • UPD: 21:44, 31.07.2020

Мұсылман қауымы Құрбан айт мерекесін атап өтуде. Алайда коронавирусқа байланысты ол өзге сипатта және жаңа ережелерге сәйкес тойланып жатыр. Кейбір елде жамағат жиналып, айт намазын оқи алмайды. Ал енді бірінде құрбандық онлайн шалынды.

Биыл дәстүрлі қажылық та жаңа ереже бойынша өтіп жатыр. Оған мұсылмандардың рекордтық аз саны қатысуда. 

Мұнда алдыңғы жылдардағы және биылғы қажылық бейнеленген. Бұл жолы коронавирус кесірінен Сауд Арабиясының билігі шетелдіктерді қабылдамады. Ол бұрын-соңды болмаған жағдай. Сөйтіп, қажылыққа қатысуға корольдік тұрғындары мен осында тұрып жатқан шетел азаматтарына ғана рұқсат берілді. Жаңа талапқа сай, барлығы маска тағып, бір жарым метр арақашықық сақтауы керек.

Халық ең көп шоғырланған мұсылман елі - Индонезияда ДА биыл Құрбан айт ерекше атап өтілуде. Елде вирус жұқтырғандар саны 108 мыңнан асады. Ал, мамандар індет әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ дейді. Соған қарамастан билік тұрғындарға айт намазына қатысуға тыйым салмады. Дегенмен сақтық шаралары жайлы ұмытқан жоқ. Мәселен, мешіт алдында міндетті түрде келушілердің дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ құлшылық үйінің ішіне кіруге рұқсат жоқ. Намаз сыртта оқылады. Одан бөлек әркім маска тағып, жайнамазын өзімен бірге алып келіп, арада бір метр қашықтықты сақтау керек. Ереженің бұзылмауын әскерилер мен полицейлер қадағалады.

1. Биылғы мейрам өзгеше өтіп жатыр. Біз бәрін хаттамаға сай жасауымыз керек. Мәселен, бір-бірімізге жақындап, құшақтаса алмаймыз. Әркім өз жайнамазын алып келу керек деген талап қойылды. Меніңше, бұл дұрыс.

2. Биыл айт намазын оқуға келгендер саны бұрынғыдай емес, аз. Өйткені әлеуметтік қашықтық сақтау жағы ыңғайсыздық туғызады. Сонымен қоса жұрт вирус жұқтырып аламыз ба деп қорқады.

Ал Ирак билігі Құрбан айт кезінде халықтың көп жиылып, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын болдырмау үшін коменданттық сағат мерзімін ұзартты. Ал күні бұрын мұнда көлік қозғалысы шектеліп, ел астанасы Бағдатта дүкендер жабылды. Биліктің мұндай шешім қабылдауы бекер емес. Өйткені Иракта бүгінде коронавирусты жұқтыру деректерінің саны 121 мыңнан асады.

Виктор, Бағдат тұрғыны:

- Коронавирус өршімей тұрғанда бәрі жақсы еді. Мешіттер ашық болатын. Үрей жоқ еді. Қазір жағдай өзгеріп кетті. Бірақ мен коменданттық сағат пен шектеулерге қарамастан, көшеде намаз оқуға шықтым.

Көрші Сирия халқы құрбандық шалуға арналған мал бағасы күрт қымбаттап кеткен айтып шағымданып отыр. Азаматтық соғыс жалғасып жатқан елдегі жағдай онсыз да мәз емес. Ал, коронавирус кесірінен көрші елдер шекарасын жапқаннан кейін, мұндағы экономикалық ахуал одан бетер ушығып, бұл жығылғанға жұдырық болды.

Әбу Мұхаммад, сатушы:

- Ия, расымен биыл қой бағасы қымбаттап кетті. Оған сирия фунтының девальвациясы себеп. Былтыр, еттің бір келісін шамамен 6 мың фунтқа сатсақ, биыл оның құны 18 мың көлемінде.

Ал Африкадағы Нигерияда тұтынушылар емес, сатушылар шағымданып жатыр. Олар коронавирус кесірінен биыл құрбандық шалғандар саны айтарлықтай азайғанын айтады. 

Заид Окуси, сатушы:

- Коронавирус барлық дерлік салаға кесірін тигізді. Вирусты жұқтырып алудан қорыққандықтан, базарға сауда жасауға келгендер саны бұрынғыдай емес. Көбі үйден шықпауға тырысады.

Ал Түркияда құрбандық шалу орындарына азаматтар алдын ала кезекке тұрып, белгілі сағатта келулеріне рұқсат етілді. Тіпті кей жерде бұл рәсім тікелей эфирде көрсетілді. Сөйтіп, ғибадат етуші үйден шықпай-ақ, шалған малын өз көзімен көруге мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, айт күндері тұрғындардың көптеп жиылуына тыйым салынды. Ереженің бұзылмауын бір апта бойы 163 мың қауіпсіздік сақшысы қадағалайды. 

Сүлейман Сойлу, Түркия ішкі істер министрі:

- Құрбан айтта 12 мың 420 қызметкер тәулік бойы бақылау жүргізеді. Сондай-ақ құрамына 136 мың полиция және жандармерия қызметкерлері кіретін топ бір апта бойы ережелердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Көрші Ресей астанасы Мәскеуде де бүгін қауіпсіздік қамтамасыз ету үшін 2 мыңнан аса құқық қорғаушы тартылған. Жалпы шаһарда айт намазы тек Мәскеу собор мешітінде ғана өткен. Оның өзінде де тұрғындарға құлшылық үйіне жиналуға рұқсат берілген жоқ. Бұл ретте айт намазының онлайн трансляциясын жүргізілді. 

Дамир Мухетдинов, Ресей мұсылмандары діни басқармасы және мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:

- Мәскеу собор мешіті не соғыс кезінде, не революция кезінде жабылған емес. Алайда бүгін мұсылман бауырларымызды қабылдай алмаймыз. Алайда бұл мейрам атап өтілмейді деген сөз емес. Өйткені барлығы онлайн трансляцияда көрсетіледі.

Хабар 24 телеарнасы