427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау әділетсіз өтуі мүмкін – Трамп

  • 343
  • UPD: 12:10, 01.08.2020

Дауыс беру әділетсіз өтуі мүмкін. Ақ Үй басшысы Дональд Трамп твиттердегі мәлімдемесін осылай деп түсіндірді.

Айта кетейік, кеше АҚШ Президенті қараша айына жоспарланған президенттік сайлау кейінге қалуы мүмкін деген болжамын айтқан еді. Бұл мәлімдемеге демократтар бірден қарсы шықты. Тұрғындардың пікірі болса қақ жарылды. 

- Дауыс беру процесі тұрғындар үшін қауіпсіз болғанша, сайлауды кейінге қалдырамыз.

АҚШ президенті бейсенбі күні твиттерге осындай мәлімдеме жазып, әдеттегідей шу шығарды. Оның айтуынша, пошта арқылы сайлау әділетсіз өтеді. Одан бөлек, әлемдегі коронаиврусқа қатысты ахуал тағы бар. Бірақ, демократтар бірден қарсылық танытты. 

Крис Ван Холлен, АҚШ мемлекеттік қайраткері, демократ:

- Трамп сайлауда өзі жеңіліп қалатынын біліп, қорқып отыр. Сондықтан да дауыс беруді кейінге қалдырғысы келеді. Жүргізілген сауалнамалар тұрғындардың көңілінен бұл президенттің шықпағанын көрсетті. Ол елді коронавирустың дендеп кетуіне жол берді. Экономиканы құлдыратты. Қазір қорыққаннан, мәселеден шығудың осындай жолын тапқан ғой. 

АҚШ Конституциясына сай президенттік сайлауды кейінге қалдыруға тек Конгрестің ғана уәкілеттілігі бар. Мұнан бөлек Құрама Штатттардың үш федералды заңы дауыс беру күнінің өзгермейтінін аңғартады. Ол қараша айының алғашқы сейсенбісі. Бұл тарихта 1845 жылдан бергі қатып қалған қағида. Твиттерге жасаған мәлімдемесінен соң, Трамп бұл күнді өзгерткісі келмейтінін айтып баспасөз конференциясында басқаша сөйлейді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен дауыс беру датасын өзгерткім келмейді. Тек әділетсіз өткен сайлауды көргім келмейді. Себебі пошта арқылы дауыс беру үдерісі қаншалықты шынайы өтеді екен? Соңында бюллетеньдер жоғалып, дауыстарды есептеу бірнеше айға созылуы мүкмін. Мен тек азаматтарымыздың өз еркімен, қолындағы құжатымен сайлау учаскелеріне келіп таңдау жасағанын қалаймын. 

Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты АҚШ-тағы президенттік сайлау пошта арқылы өтетін болып бекітілді. Соған Трамп алаңдаушылығын жеткізді. Өйткені дауыс беру үдерісіне шет елдер араласатынын айтады. Мұнан бөлек миллиондаған адамның бюлетенін санау ұзаққа созылады деп отыр. Сарапшылардың айтуынша, президент қанша тырысқанымен, сайлау күнін өзгерту мүмкін емес екен. 

Билл Барроу, сарапшы:

- Алдымен сайлауға қатысты ережелер заңда жазылғанын айта кетейін. Трамп оны оңай өзгерте алмайды. Одан бөлек алдағы уақытта екінші тоқсанның экономикалық есебі шығады. Онда қаржының қысқарғаны туралы айтылады. Ол әрине панедмияға байланысты. Бірақ ақ үй басшысына вирустың алдын ала алмағаны туралы айыптар тағыла бастайды. Сондықтан Трамп тіпті қарапайым халықты дауыс беру күнін өзгертуге көндіре алмайды. 

Айқай-шудан кейін Трамп штабының өкілі Хоган Гидли басшысын ақтап алғысы келді. Ол тек болжам жасалғанын, әлі ешқандай шешім қабылданбағынын айтты.

Айта кетейік, американдықтардың да пікірі бұл мәлімдемеге қатысты қақ жарылды. Бірі Трампты қолдаса, бірі қарсылығын білдірді.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы