428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Перу үкіметі төтенше жағдай мерзімін тағы бір айға ұзартты

  • 251
  • UPD: 16:31, 01.08.2020

Бұған коронавирус індетінің дендеп кетуі себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 шілде күні ел аумағында коронавирус індетін жұқтырған 7 мыңдай адам анықталды. Қазір елдегі ауруханалар науқастарға толы, ауырған адамдарға көмек беретін дәрігерлер жетіспей жүр. Перу коронавирусты жұқтыру саны бойынша Оңтүстік Америкада Бразилиядан кейін екінші тұр. 33 миллион халқы бар бұл елде 400 мыңнан аса адам індетке шалдыққан. Ал қайтыс болғандардың саны 19 мыңнан асып кетті. Мамандардың айтуынша, құрбандар саны көп болуы мүмкін. Өйткені көптеген жағдайда өлім себебі ретінде коронавирус салдарынан асқынған өзге аурулар жазылған. Мұны билік өкілдері де мойындайды. 

Пилар Маццетти, Перу денсаулық сақтау министрі:

– Ұлттық жүйемізде тіркелген мәліметке қарасақ, түрлі себептерден қайтыс болған 46 мың адамда коронавирус анықталған. Қазір бұл деректер бойынша талдау жұмысы өтіп жатыр.

Оңтүстік Америкадағы тағы бір ел – Боливияда карантин тәртібі бір айға ұзартылды. Құрлықтағы ең кедей мемлекеттердің бірі саналатын Боливияда денсаулық сақтау жүйесі нашар дамыған. Ауырғандардың көбі өз үйлерінде емделуге мәжбүр. Өткен аптада Кочабамба қаласында коронавирустан қайтыс болған адамның денесі бірнеше сағат бойы көшеде жатқан. Бұл елде үлкен дау туғызды. 11 миллион халқы бар Боливияда 75 мыңнан аса адам індетке шалдығып, 3 мыңы көз жұмған.

Хабар 24 телеарнасы