428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус Еуроодақ экономикасына қалай әсер етті

  • 276
  • UPD: 16:34, 01.08.2020

Коронавирус пандемиясы Еуроодақ экономикасына зор нұқсан келтірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұма күні Франция, Италия және Испания биылғы жылдың екінші тоқсанындағы экономикалық көрсеткіштерін жариялады. Одақтағы ірі үш елдің статистикасы көңіл көншітпейді. Соңғы үш айда экономикалары қатты құлдырап кеткен. Бұған індетке байланысты қабылдаған шектеу шаралары әсер еткен.

Францияның ұлттық статистика агенттігі екінші тоқсанда елдің экономикасы 13,8 процентке қысқарғанын мәлімдеді. Екі айға созылған карантин кезінде көптеген кәсіпорындар жабылды. Елдің қаржы министрі Бруно Ле Мэр ел экономикасын ынталандыру үшін халық тауарлар мен қызметтерді көбірек тұтынуы керек дейді. Алайда індет салдарынан біраз адам табысынан айырылып, қаражатын үнемудеуге мәжбүр.

Мюриэль Морин, мейрамхананың бұрынғы қызметкері:

– Жеке өзім көп тұтына алмаймын. Өйткені жұмысымнан айырылып, жәрдемақы алып жүрмін. Болашағым қандай болатыны белгісіз, ақшаны көп жұмсағым келмейді.

Паскаль Морх, полиция қызметкері:

– Табысымыз артса, көбірек тұтына аламыз. Бірақ мен қазіргі кезде көп ақша жұмсай алмаймын.

Испания экономикасы екінші тоқсанда 18 жарым процентке қысқарды. Коронавирус пандемиясынан ең ауыр зардап шеккен елде карантин үш айдан аса мерзімге созылды. Салдарынан соңғы тоқсанда бұл елде бір миллионнан аса адам жұмыссыз қалды. Еуроодақ экономиканы қалпына келтіру үшін 140 миллиард еуро бөлуді шешті.

Хуан Карлос Мартинес Лазаро, IE бизнес-мектебінің экономика профессоры:

– Еуроодақтың қаражат бөлуі маңызды. Алайда ол барлық мәселемізді шешпейді. 140 миллиард еуроны бірден ала алмаймыз, бұл қаржы 2021 жылға дейін түспейді. Оның басым бөлігі алдағы бірнеше жылда мемлекеттік шығындарымызды өтеуге жұмсалады.

Сарапшының пікірінше, Испания экономикасы алдағы екі жылда толық қалпына келмейтін түрі бар.

Еуроодақ елдері арасында Италияның жағдайы қиын. Екінші тоқсанда бұл елдің экономикасы 12,4  процентке қысқарды. Бұл Франция мен Испания көрсеткіштерінен төмен. Алайда олармен салыстырғанда соңғы 20 жылда Италия экономикасы өте баяу өскен. Ел экономикасы 1998 жылғы қалпына келді. Әсіресе жалпы ішкі өнімнің 6 процентін құрайтын туризм саласы құлдырап кетті. Көптеген елде коронавирус індеті қайта дендеп барады. Осыған байланысты сарапшылардың көбісі үшінші тоқсанға болжам жасауға асықпайды.

Хабар 24 телеарнасы