425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

NASA: АҚШ ғарыш тарихында жаңа кезеңге аяқ басты

  • 274
  • UPD: 14:49, 03.08.2020
NASA: АҚШ ғарыш тарихында жаңа кезеңге аяқ басты

Халықаралық ғарыш станциясында екі айдай уақыт болған америкалық ғарышкерелер – Даг Херли мен Роберт Бенкен Жерге оралды, хабарлайды «Хабар 24».

Бұл астронавттар адамзат тарихында алғаш рет жекеменшік компания жасаған кемемен халықаралық ғарыш станциясына сапар шегіп қайтты.

Дәурен Ақашұлы, тілші:

- Бұл қос ғарышкердің Space X компаниясының Crew Dragon ғарыш кемесімен Жерге оралу сәті. Ғарышкерлер Флориданың батыс жағалауына жақын Мексика шығанағына қонды. Себебі, кеме оралуы тиіс Канаверал мүйісінде «Исайас» дауылы басылмай тұр. Шығанақтағы мұхит суына қонған Dragon-ды құтқару операциясына екі кеме мен екі катер және бірнеше тікұшақ қатысты.

Джим Бриденстайн, NASA басшысы:

- Бүгін АҚШ үшін маңызды күн. Біз Space X компаниясындағы әріптесерімізді және NASA өкілдерін құттықтаймыз. Еліміздің ғарыш тарихында жаңа кезеңге аяқ басып отырмыз. NASA ғарышқа өз кемесімен ұшатын дәрежеге қайта қол жеткізді.

Space X компаниясының Dragon ғарыш кемесі халықаралық станцияға мамырдың 30-ы күні жөнелтілген. Оны орбитаға Falcon 9 зымыран тасығышы алып шықты. Станцияда 2 айдай болған ғарышкерлер бірнеше рет ашық кеңістікке шығып, түрлі тәжірибе жасады.

Джоэл Монтальбано, Халықаралық ғарыш станциясы бағдарламасының менеджері:

- Боб Бенкен мен Даг Херли 60 күнге созылған сапар барысында көптеген ғылыми зрттеу жүргізіп үлгерді. Олар станцияда түрлі тәжірибе жасап, техникалық құралдарды сынақтан өткізді. Ғарышкерлердің еңбегін өзге бағдарламаларымызға пайдаланатын боламыз.

Crew Dragon-ның сапары кәсіпкер Илон Масктың Space X компаниясы үшін қорытынды тексеру болды. NASA Dragon-ның осы сапары сәтті болса, халықаралық станцияға ғарышкерлерді аттандыруға пайдалануды шешкен. Себебі, АҚШ 2011 жылы Space Shuttle бағдарламасын тоқтатқалы мамандарын орбитаға ресейлік «Союз» кемесімен қомақты қаржы төлеп ұшырып келген.

Илон Маск, Space X компаниясының басшысы:

- Бұл – адамзат баласы үшін үлкен жетістік. Ғарыш кемесінің сәтті сапары екінші жағынан қазіргідей қиын жағдайда жағымды жаңалық.

Қазір АҚШ-та Boeing компаниясы да халықаралық ғарыш станциясына астронавттарды аттандыратын кемені жасаумен айналысып жатыр. Алайда бірлестіктің Starliner ғарыш кемесінің соңғы сынағы сәтсіз аяқталып, оны пайдалану кейінге шегерілген.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әсел Жаңбыршы

Хабар 24 телеарнасы