426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та он сегіз миллион адам жұмыссыз қалған

  • 247
  • UPD: 21:17, 03.08.2020

Ковид-19 әсіресе АҚШ-ты дендеп тұр. Өткен шілде айында дерт жұқтырғандар қатары күрт өскен. Коронавирус мұнда бас-аяғы бір айдың ішінде 25 мың адамның өмірін жалмапты. Одан бөлек, кесел жұқтырғандар саны шілдеде 1,8 млн адамға өскен. Өсім 66 процент. Шынында бұл осы пандемия басталғалы вирус жұқтырғандар статистикасының тең жартысын құрайды. Әсіресе Флорида, Калифорния, Техаста індет аса жылдамдықпен тарап жатыр. Сарапшылар жаз маусымының өткен айын «өлім-жітім айы» деп атады.

Джеффри Сакс, Колумбия университетінің профессоры:

- Қайғылы статистикадан бөлек экономикалық құлдырауды да айта кеткен жөн. Жоғары білімі бар, кәсіби деңгейлі жоғары мамандар тек қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ештеңе өзгерген жоқ. Дүкенде, мейрамханада қызмет ететіндердің жағдайы қиындады. Табыс көзі жоқ, жұмыс орындары қысқарды. АҚШ-та қызмет көрсету саласындағы 18 млн адам жұмысынан айырылып, нәпақасыз қалды. 

АҚШ-тың оңтүстігінде де эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Мексикада соңғы аптада күніне 700 науқастан көз жұмған. Ел билігі осылай деп хабарлады. Жалпы, пандемия басталғалы бұл елде 47 746 адам қайтыс болды. Осылайша Мексика әлемдегі өлім-жітім рейтингінде үшінші орынға шықты. Бұл тізімнің басында АҚШ пен Бразилия тұр. Ал Ұлыбритания төртінші орында. 

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- Өлім-жітім статистикасы бойынша Лондонды басып оздық. Бұл дегеніңіз күннен күнге вируспен күресу қиындап барады деген сөз. Қазір әрбір адам өзін қорғауы керек. Ия, бетперде киіңіз, қолыңызды жуыңыз. Қарапайым санитарлық нормаларды сақтау арқылы вирустың тарап кетуіне жол бермейсіз. Апат, су тасқыны, жер сілкінісін жеңіп шыққан біздер эпидемияның да бетін қайтарамыз. 

Австралияның Виктория штатында коронавирустың өршуінен апатты режим енгізілді. Соңғы бір тәулікте елде 700-ге жуық жаңа науқас тіркелген. Салдарынан аймақта шектеу шаралары тағы да қатаңдатылды. Бұл карантин қыркүйек айының ортасына дейін созылмақ. Мельбурн қаласының тұрғындарына азық-түлік дүкеніне ғана баруға болады. Өзге ешқайда аттап басуға рұқсат жоқ. Оның өзінде үйден 5 шақырым жерден артық алыстамау керек. Аймақта сондай-ақ, кешкі сағат 8-ден таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат енгізілген. Студенттер қашықтан оқып, балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатты. Қоғамдық көліктер жүрмейді. Өндіріс орындары да әзірге жабық.

Дэниэл Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі:

- Қаншалықты қиын болса да өндірісті тоқтата тұру керек. Тұрғындарға жұмысқа бармаңыздар деп айтамын деп ойламаппын. Штаттың бірқатар ауданына вирус үлкен қатер төндіріп тұр. Және бұл қауіп күн санап күшейіп барады. Алты апталық шектеу шараларын орындау өте маңызды. Қазір аса күрделі шешімдер қабылдайтын уақыт келді.  

Індет Францияда қайта күшейіп барады. Мың жарымдай адамнан коронавирус анықталып, елдегі 96 департаменттің 10-ны қатаң бақылауға алынды. Билік өкілдері жаппай карантин жарияламас үшін алдын-алу шараларын күшейткен. Қазір студиямен тікелей байланысқа Париждегі әріптесім Әлия Сыздықова шығып тұр. Әлия, Франция билігі кеселдің екінші толқынымен қалай күресуде? Көшеде жаппай бетперде кию міндеттелгені рас па?

Әлия Сыздықова, тілші:

- Бүгіннен бастап, Майонн департаментіндегі 70 елді мекенде бетперде кию міндеттелді. Жалпы, жаңа ереже елдің батысы мен бірқатар ірі қалаларға қатысты. Майоннда эпидемиологиялық жағдайдың ушыққаны соншалық тіпті әрбір тұрғынды тестілеуден өткізу көзделген. Бұл департаментте 300 мың аадм тұрады. Сондай-ақ, осы апта ішінде бірнеше туристік саяжайларда маска тағу міндеттеледі. Айта кетейік, бүгінде Франция билігі вируспен күрес жолында жергілікті билікке өз еркімен алдын алу шараларын қабылдауға рұқсат берген. Жалпы, жаңа ережені елемегендерге жаза күшейтілді. Яғни, адам көп жиналатын жерлер, базар, саябақ, жаяу жүру жолағы, жағажай, паркингте бетперде кимеген адамдар айыппұл төлейді.  Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен 8 миллион тұрғынға 40 миллион көпреттік бетперде таратты. Сондай-ақ, масканы 11 жастан асқан балаларда киюі тиіс. Бүгін ел премьері жаңа ереженің орындалу барысын өзі қадағалады.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Лилль көшелерімен жүріп өтіп, халықтың басым бөлігі бетперде киіп жүргеніне көзім жетті. Тәртіп сақшылары айтқандай қазір санитарлық норманы сақтамайтын азаматтар саны азайған. Бұл жауапкершілікті барлығы түсінуі керек. Сақтансақ, ертенгі жаппай карантиннің алдын аламыз. 

- Одан бөлек қазір шетелден келетін туристерді тексеру күшейтілді. Франция аумағына кіру үшін Ковид-19 ды жұқтырмағанын растайтын анықтама болуы керек. Немесе шет елдік азаматтар әуежайда коронаиврусқа тест тапсырады. 

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Әлем елдері вирустың бетін қайтара алмай жандәрмен күй кешіп жатса, Германиядағы кей топтар керісінше шектеу шараларына қарсы. Сөйтіп, мыңнан аса адам шеруге шықты. Олар биліктің ұстанып отырған саясатына наразы. Көшеге шыққан қарақұрым халық, арақашықтық сақтамақ түгілі бетперде кимеген. Бірақ тәртіп сақшылары бір-екі сағаттық акциядан соң наразы жұртты әупірімдеп таратты.

Хабар 24 телеарнасы