426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия әлем елдерінің білім беру саласын тығырыққа тіреді

  • 251
  • UPD: 21:26, 04.08.2020

Коронавирус бізді ғана емес, әлем елдерінің білім беру саласын тығырыққа тіреді, хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті бірқатар мемлекет биылғы оқу жылында мектепті ашар-ашпасын білмей отыр. АҚШ-тағы ұстаздар қауымы өз денсаулықтарына алаңдап ереуілге шықты. Олар биыл оқушыларға білімді тек онлайн форматта беру керек деп есептейді. Ал Үндістанда эпидемиологиялық ахуал әбден ушыққандықтан сабақ ашық аспан астында өтіп жатыр. Тақырыпты арна тілшісі Жансұлу Дүйсенәлі тарқатады.

Диктор:

- Жансұлу, қателеспесем, Дональд Трамп биыл күзде АҚШ-тағы мектептердің ашылуын міндеттеген еді ғой?

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Иә, жергілікті билік президенттің тапсырмасын орындауға кірісіп, мектеп ғимараттарын дайындауды бастаған. Бірақ ұстаздар бұл бастамаға қарсы шығып, ереуілдетіп жатыр.

***

АҚШ-та мұғалімдер ереуілдетіп жатыр

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында мұғалімдер мектептерді ашуға қарсы наразылық шеруіне шықты. Себебі, шаһар билігі биыл күзден бастап оқушыларды аптасына 2-3 рет білім ордасында оқыту жоспарын ұсынып отыр. Ал ұстаздар «оқу орындарында балаларды індеттен қорғау мәселесі жеткілікті ойластырылмаған», – дейді. Ал Чикагода мұғалімдер биылғы оқу жылының жарты жылын толық қашықтан оқу жүйесімен өткізуді талап етті. Сондықтан биліктің оқушыларды интернетпен қамтамасыз етуін сұрап отыр.

Джесси Шарки, Чикаго мұғалімдер кәсіподағының басшысы:

- Қазіргідей коронавирус өршіп тұрған кезде балаларды мектепте оқыту дұрыс емес. Шаһарда жағажайға барып демалуға және дәмханаға жиналуға тыйым салынған. Ал жергілікті билік болса, мыңдаған баланың жабық ғимаратта отырып оқуын ұсынып отыр. Біз мұндай әрекетке жол бермейміз.

***

Мексикада оқушылар қашықтан оқиды

Ал Латын Америкасының кей елінде коронавирусқа байланысты балаларды оқыту әртүрлі әдіспен ұйымдастырылмақ. Мысалы, Боливияда билік індетке байланысты тамыздың 3-інен бастап барлық мектепті жабу туралы шешім қабылдады. Оқушылар келесі сыныпқа еш емтихансыз көшірілді. Мексикада оқушылар биыл эпидемиологиялық ахуал оңалғанша қашықтан оқиды. Сабақ теледидар арқылы жүргізілмек.

Эстебан Моктесума, Мексика білім министрі:

- Біздің барлығымыз мектептердің ашылғанын қалар едік. Алайда қазір балалардың денсаулығына қауіп көп. Сондықтан қашықтан оқу қазіргідей жағдайда ең тиімді тәсіл деп санаймын.

***

Ұлыбританияда жаңа оқу жылы пікірталас туғызды

Төрт аптадан кейін Англияның 9 миллион оқушысы партаға қайта отырады. Эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болғанына қарамастан, үкімет балалардың сабаққа баруын барынша қадағалап отыр. Қазір бізбен тікелей байланыста Лондондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы.

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Ғалымжан, оқушылар қандай форматта білім алатын болады?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жуырда Downing Street Ұлыбритания премьер-министрінің қыркүйек айында барлық мектептерді қайта ашуға бел буғаны туралы мәлімдемесін растады. Дегенмен билік кейбір қалалардағы жергілікті локдаундарға байланысты оқу орындарының ашылмайтынын мойындап отыр. Бүгінде Англияда дертке шалдыққандар саны артып барады. Статистикаға сәйкес, екінші толқын қарқын алып барады. Жетекші ғалымдар мен мұғалімдер кәсіподағы егер қыркүйекте мектептер ашылатын болса, коронавирустың таралуына себепші болып жатқан пабтар мен мейрамханаларды жабу керек деп дабыл қағуда. Ата-аналардың өздері не дейді? Пікірлеріне құлақ түрейік.

Блиц 1:

- Мен үшін бұл жақсы жаңалық. Өйткені менің балаларым қосымша көмекті қажет етеді. Оларға үйден оқу қиын болды.

Блиц 2:

- Қызым Грэйстің қашықтан оқығанын құптар едім. Бірақ бізді тыңдап жатқан ешкім жоқ. Заң бойынша мектепке бармағандар айыппұл төлейді.

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Ғалымжан, билік оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтасамыз етпек? Ұстаздар қауымы не дейді?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Мектеп директорлары мен мұғалімдер кәсіподағы тестілеу және қадағалау жүйесін бір жолға қоюды бұрыннан талап етіп жүр. Оқу орындарында маска тағуды міндеттеу мәселесі де ерекше талқылануда. Бүгінгі таңда үкімет мектептерде бетперде тағуға кеңес бермейді. Өйткені басқа да санитарлық шаралар күшейтілген. «Ал масканы дұрыс пайдаланбау, керісінше, инфекцияның таралуына себебші болуы мүмкін», – дейді олар. Кәсіподақтар болса, ең болмаса, ұстаздарға бетперде тағуға рұқсат етуді сұрап жатыр.

Айта кету керек, бүгінде Англияның дүкен және қоғамдық көлік сияқты жабық орындарында 11 жастан үлкен азаматтарға бетперде тағу міндеттелген.

***

Үндістанда оқушылар сабақты далада оқиды

Үндістанның батысындағы ел пандемия қауіп төндіріп тұрса да, оқушылардың оқуын тоқтатпайтын түр бар. Мұндағы балалар сабақты далада оқи алады. Тек олардың алдында мұғалім емес, алдын ала жазылған сабақтарды айтып отыратын арнайы дауыс зорайтқыш қойылған. Мұндай сабақтардың кестесінде ағылшын тілі, сонымен қатар шығармашылық жаттығулар да бар. Дауыс зорайтқыштың арқасында алты ауылдан жиылған мыңдаған бала таза ауада оқуын жалғастырып жатыр.

Блиц:

- Мектеп жабық болған соң балаларымыз ауылда бос жүр еді. Мына әдіс жақсы болды. Балам сабаққа асығады. Түрлі әңгімелер тыңдап, ән айтуды бастады.

***

ДДСҰ: Вакцина мүлдем шығарылмауы мүмкін

Мектептер әзірге осылай амалдай тұрмақ. Бірақ пандемияның әлі қаншаға созыларын ешкім білмейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы вакцина мүлдем шығарылмауы мүмкін екенін айтып қалды. Яғни вирусқа қарсы препараттың клиникалық сараптамасы сәтсіз аяқталу қаупі бар. Сондықтан мектептердің мәселесі тұрмақ, әзірге жұртшылықтың көшеге шығу-шықпауының өзі мұңға айналып болып тұр. Сондықтан адамдар бетперде киіп, санитарлық норманы сақтауды әдетке айналдыруы керек. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

- Коронавирустың көзін жоятын сиқырлы құрал жоқ. Қазір бірнеше вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің үшінші әрі соңғы кезеңі өтіп жатыр. Алайда тиімді препарат өндірілмеуі де мүмкін. Немесе жасалып шығарылған екпенің мерзімі тек бірнеше айға ғана жалғасуы ғажап емес. Яғни, белгілі бір уақыт аяқталғанда коронавирусты жұқтырып алу қаупі қайта пайда болады. Алайда клиникалық сынақтар аяқталмайынша, бұл сұрақтардың жауабын ала алмаймыз.

Айта кетейік, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бүгін 18 миллион 200 мың адамнан асты. Қауіпті кеселден жаһан бойынша 692 мың науқас көз жұмды. 10 миллион 900 мың адам жазылып шықты. Қазір әлем коронавирустың екінші толқынымен күресті бастап кетті. Сондықтан оқушылардың мектеп қабырғасына оралу мүмкіндігі әзірге шешімін таппай тұр. Бұл қашанға дейін созылады? Оны да тап басып айту қиын.

Хабар 24 телеарнасы