432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейрутте екі апталық төтенше жағдай енгізілді

  • 422
  • UPD: 09:51, 05.08.2020
Бейрутте екі апталық төтенше жағдай енгізілді

Ливанның Бейрут қаласында болған жойқын жарылыстан қаза тапқандардың саны 78, ал жараланғандардың қатары 4 мыңнан асты. Бүгін Ливанда Ұлттық аза тұту күні. Жергілікті билік шаһарды апатты аймақ деп жариялады. Қазір өңірге медициналық көмек, құтқарушылар мен әскерилер тартылып жатыр.

Еліміздің осы мемлекеттегі консулы Спабек Бағланның хабарлауынша, дипмиссия қызметкерлері жапа шеккен жоқ. Тек консулымыз аздаған жарақат алған. Жарылыс кезінде жапа шеккендерідң арасында басқа да қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатыр.

Ливан үкіметі жарылыстың себебі  пиротехникалық заттар болған қоймада сақталған қауіпті заттардың жарылуынан болуы мүмкін деп топшылайды.

Бұл Ливан астанасы Бейрут қаласының қазіргі бейнесі. Пиротехникалық қоймада бірнеше мәрте болған жойқын жарылыстың күшінен шаһардың басым бөлігі зардап шекті. Оқиғадан бірнеше  шақырым жерде  орналасқан ғимараттардың терезелері сынып, көшеде тұрған көліктердің тас талқаны шықты. Қазір аймақтағы ауруханалар лық толы. Жапа шеккендер мен мерт  болғандардың саны сағат сайын артып барады.

Блиц:

- Не болғанын түсінбей қалдым. Алаңсыз балық аулап отырғанмын. Қатты жарылыстың дауысын естідім. Айдың-күннің аманында осылай болады деп кім ойлаған. Жарақаттанып қалдым. 

- Көлігіммен келе жатқанда аударылып түстім. Терезелер сынып жараландым. Айналама қарасам тіпті қорқынышты. 

- Сұмдық болды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірнеше шақырым жерде жарылыстың дауысы мен қара түтінді байқадым. Шұғыл құтқарушыларды көмекке шақыра бастадым. Үйім оқиға орнына жақын маңда орналасқан. Отбасы мүшелеріме телефон соқсам ешкім жауап бермейді. 

Алдын ала болжам бойынша оқиғаға кемежайдағы пиратехникалық қоймадағы заттардың жарылуы себеп болды. Ливан премьер-министрі Хассан Диябтың хабарлауынша ғимаратта 6 жыл бойы аммиак селитрасы сақталған екен. Дияб тергеу жұмыстары үшін шұғыл комиссия құрып 48 сағаттың ішінде оқиғаға қатысты жауаптыларды анықтауды бұйырды.

Хассан Дияб, Ливан премьер-министрі:

- Бүтін бір қаланың күлі көкке ұшты. Бұл ұлттық апат. Қанды оқиғаға қатысты кінәлілерді міндетті түрде жауапқа тартамыз. Оларға қатысты ең қата жаза қолданылады. 2 750 тонна аммиак селитрасының 6 жыл бойы қоймада сақтауына жол берілмеу керек еді. 

ЖарылыстанЛивандағы Қазақстан Елшілігі де зақымданды. Еліміздің осы мемлекеттегі консулы Сыпабек Бағланның хабарлауынша, дипмиссия қызметкерлері дін аман.

Қазақтан Республикасының сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, жарылыс кезінде басқа да қазақстандықтардың зардап шеккені жайлы ақпарат анықталып жатыр. 

Иорданияның сейсмологтары жойқын жарылыстың күші магнитудасы 4,5 балдық жер сілкінісінің қуатымен бірдей болғанын айтады. Оқиғадан халықаралық әуежай мен Ливан премьер-министрінің штаб пәтері де зақымданған. Ливанның жоғарқы қауіпсіздік кеңесі Бейрут қаласын апатты аймақ деп мәлім етті. Ел президенті Мишель Аун болса өңірде екі аптаға төтенше жағдай режимін жарияланбақ. Бұл туралы ол өзінің твиттердегі парақшасында хабарлады. Ал бүгін елде аза тұту күні деп жарияланды. Қазір қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өңірге әскерилер тартылып жатыр.

Ливанның Жоғарғы қорғаныс кеңесінің өкілі:

- Ливанның Жоғарғы қорғаныс кеңесі Үкімет басшысына Бейрут қаласын апатты деп таныды, сонымен қатар аймақта төтенше жағдай режимін тамыздың 18-іне дейін жариялауды ұсынды. Бұл оқиға ондаған аамның өмірін қиды. Мыңдаған тұрғын түрлі жарақат алды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейрутте жарақат алғандарға көмек ретінде 500 адамға қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықты жіберетінін мәлім етті. Көрші Израиль Билігі де қайғыға ортақтасып өз көмегін ұсынды. Израильдің қорғаныс министрі Бенни Ганц өзінің твиттердегі парақшасында Ливанға гуманитарлық көмек көрсететінін хабар етті. Апаттың салдарын жоюға өзге де елдер жәрдемдесуге ниет білдіруде.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы

Хабар 24 телеарнасы