419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейруттегі жарылыс: куәлардың көзімен

  • 533
  • UPD: 20:52, 05.08.2020

Бейруттегі кешегі жойқын жарылыс жұрттың есін шығарып, бейбіт күнде де қауіптің көп екенін тағы бір еске салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың біразы жақын-жуығын таба алмай сарсылып қалды. Қазір қала қирандылардан тазартылып жатыр. Апаттан қаза тапқандардың саны жүзден асты. Тағы төрт мыңдай тұрғын жарақат алған. Билік өкілдерінің айтуынша, құрбандар саны әлі де артуы мүмкін.

Теңіз айлағындағы жарылыстың қатты болғаны соншалық, оның әсерін Бейруттен  240 шақырым қашықтағы Кипр аралындағы жұрт сезінген.

Мамандар бұл апаттың қуатын 4,5 балдық жер сілкінісіне теңеді. Кемежайдың күлі көкке ұшқан. Маңайдағы тұрғын үйлер қираған. Жарылыстан кейінгі қала келбеті құдды атыс-шабыс фильмін еске салады

Хекмат Кай, жергілікті тұрғын:

– Өрттің шыққанын көріп, телефоныма түсіре бастаған едім, кенет шалқамнан құладым. Сөйтсем, жойқын жарылыс болған екен. Есімді жиып, теңізге қарай жүгірдім. Өлікті көрдім. Бір әйел қызын таппай жылап жүр. Сұмдық оқиға бұл.

Мохаммед, жергілікті тұрғын:

– Айдын күннің аманында мұндай апат болады деп кім ойлаған. Абдырап қалдық. Терезелер сынды, көптеген ғимарат қирап қалған. Алғаш рет ажалды сезіндім, қорықтым.

Ел астанасындағы ауруханалар лық толы. Жарақат алғандарды қабылдайтын орын болмай жатыр. кемежайға жақын орналасқан емхана да қираған. 4 медицина қызметкері қаза тауыпты.

Джордж Саад, аурухана қызметкері:

– Төрт әріптесімізден айырылып қалдық. 200-дей науқас пен медициналық қызметкрелер жарақат алды. Ауруханың қабырғалары қирап, төбесі құлайын деп тұр. 

Биліктің болжауынша – кемежайда сақталған 2750 тонна аммиак селитрасы жарылған. Бұл құрамында азоты бар, суда жақсы еритін, түйіршікті тұз. Әдетте, ол өсімдікке тыңайтқыш ретінде кейде тіпті, жарылғыш заттарда қолданылады. Аммиак селитрасы 2013 жылы шетелдік кемеден тәркіленген екен. Сөйтіп, 2014 жылдан бері осы кемежайда жатқан. Алайда қауіпті затты сақтау ережелері сақталмаған болса керек. Жергілікті «Эл-Би-Си интернейшнл» телеарнасының хабарлауынша, оқиға кезінде мамандар саңылауларды дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Олардың айтуынша,  ұрлықтың алдын алмақ болған. Жарылысқа сол дәнекерлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Хасан Диаб, Ливан премьер-министрі:

– Жауаптыларды таппайынша жаным тыншымайды. Сұмдық апатқа себеп болған кінәлі адамдар ең сорақы жазаны алады. Себебі алты жыл бойы қауіпті зат, қоймада қалай қараусыз жатады? 

Апаттан келген шығын көлемі 5 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ, жарылыс кезінде Ливандағы астық қорының шамамен 85 проценті жойылған. Астық сақтайтын элеваторда қираған. Дегенмен, Экономика және сауда министрі халыққа қажетті бидай қоры жеткілікті екенін айтты. Қажет болса, астықты өзге елдерден импорттаймыз деді.

Джамал Итани, Бейрут мэрі:

– Қалпына келтіру үшін миллиардтаған доллар қажет. Бұл оқиға экономикалық жағдайды онсыз да нашарлатып жіберетін болды. Өйткені қаншама бизнеске кесірі тиді. Жұмыстарды қайта бастау үшін инвестициялар қажет.

Күллі әлем Бейруттің қайғысына ортақтасып жатыр. Сауд Арабиясы, Кувейт, Израиль, Түркия, Ұлыбритания, Германия және АҚШ елдерінің басшылары Ливанға барынша қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон Бейрутке азаматтық қорғаныс күштері мен жедел жәрдем дәрігерлерін аттандырмақ. Ливанда үш күндік жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бүгін әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар жарылыстан кейін жоғалған туыс-бауырларын іздеп, фотоларын жариялап жатыр.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Бейруттегі теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болып, 100-ден астам адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен.  Жарылыстың жойқан болғаны соншалық, жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері сынған. Желіде жарылыстың видеосы тараған болатын. 

Бейрут портындағы жарылыстың себебі – дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы.

Оның алдында теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған болуы мүмкін деген хабар тараған.

Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келгенін хабарлағанбыз. Осы оқиғаға қатысты ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді түсініктеме берді.

Бейрутте екі апталық төтенше жағдай енгізілді.

Ливанда 5 тамыз ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

 

Хабар 24 телеарнасы