431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлем елдері Бейрутке құтқарушыларын аттандырып жатыр

  • 220
  • UPD: 10:03, 06.08.2020
Әлем елдері Бейрутке құтқарушыларын аттандырып жатыр

Ливан астанасындағы жойқын жарылыстың салдарымен күреске әлем елдері өз мамандарын аттандырып жатыр, хабарлайды «Хабар 24».

Ливанға алғашқылардың бірі болып Германия 47 адамнан тұратын бір топ құтқарушысын жіберді. Арнайы құралдармен жабдықталған мамандар қалалық жерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындалған. Бұдан бөлек, ресми Берлин Еуроодақ шеңберінде де көмек көрсетілетінін жеткізді. Ұйым миссиясы аясында Ливан астанасына Чехия елі де 37 маманын аттандырып үлгерді. Жалпы Еуроодақтың құтқару шарасы бойынша Бейрутке 100-ден астам маман баруы тиіс.

Тимо Эйльхард, Германия құтқарушылар тобының басшысы:

- Біз үйінді астында қалған адамдарды іздестіріп, құтқаруға дайынбыз. Өзімізбен бірге арнайы техника мен үйретілген иттерімізді апара жатырмыз. Жалпы үйінді астында қалған адам 3 күн бойы тірі жатуы мүмкін. Сондықтан қираған ғимараттардың астында қалып қойған жандарды тауып аламыз деген үмітіміз бар.

Ливан еліне көмек қолын Түркия елі де созды. Анкара жарылыстан жапа шеккен ливандықтарға шұғыл түрде гуманитарлық жүкпен бірге дәрігерлер мен құтқарушыларын жөнелтті. Ал, Иран әскери дәрігерлерін аттандырды. Біріккен Араб Әмірліктері болса Бейрутке жараланғандарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар жіберді.

Хабар 24 телеарнасы