428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жастар коронавирус таратушыға айналды

  • 218
  • UPD: 21:37, 06.08.2020

Вирусты жұқтырғандар саны аса жылдамдықпен артып барады. Бұл Франция  денсаулық сақтау министрлігі жасаған мәлімдеме. Шынында бұл елде соңғы екі айда алғаш рет алдыңда болған антирекорд қайта орнады. Соңғы бір ғана тәулікте вирус 1700 тұрғыннан анықталыпты. Курортты аймақ саналатын өңірлерде бетперде тағу жаппай міндеттелді. Парижде қала тұрғындары үшін тестілеу тегін. Бірақ бұл бастамаға медицина қызметкерлері наразы. Өйткені кесел өршіген уақытта тест тапсыруға келген тұрғындар саны артқан. Бұл коронавирустың өрши түсіне сеп болады дейді мамандар. 

Кристоф Прюдом, жедел жәрдем дәрігерлері қауымдастығының өкілі:

- Ия, билік тестілеуден өтуді барлық тұрғынға қолжетімді етті. Бірақ бұл керісінше жағдайды ушықтыра түседі. Тұрғындар жаппай кезекке тұрып жатыр. Жүйе болуы керек. Вирусты анықтауға тест тапсырғысы келетіндер алдымен зертханаға хабарласып, белгілі бір уақытқа жазылып, сосын ғана бекітілген мекен-жайға келуі керек. Кезекте тұрғандарды тек бетперде құтқармайды. Себебі олардың арасында вирусты жұқтырғандар қауіпті аймақтан келген туристер болуы мүмкін.

Эпидемиологиялық ахуал Австралияда да ушығып барады. Соңғы тәулікте 471 адамнан коронавирус анықталды. Жағдай тұрақсыздығынан бүгіннен бастап Виктория штатында алты апталық қатаң карантин күшіне енді. Өңірде дүкендер жабылып, өндіріс орындарының жұмысы тоқтады. Жергілікті тұрғындар шектеу шараларын ести сала, азық-түлік алып, қамдана бастаған. Дүкен сөрелеріндегі 3-4 айлық қор сатылып кеткен. Енді билік тұрғындарды сабырға шақырып әлек.  

Даниэль Эндрюс, Виктория штатының премьері:

- Тұрғындар жаппай алдағы 2-3 айға азық-түлік алып жатыр. Бұл орайда адамдарды сабырға шақырамын. Алдағы уақытта да дүкендерде сіздерге қажетті азық-түлік болады. Барлығын қамтамасыз етеміз. Сондықтан дүрлігіп, қарбалас тудырудың қажеті жоқ. Аса қажеттілік болмаса дүкенге де жиі бара беруге болмайды. 

Үндістанда антирекорд. Соңғы тәулікте коронавирустан 918 науқас көз жұмды. Мұндай статистика бұған дейін елде мүлдем тіркелмеген. Соңғы бір айдың өзінде құрбандардың саны 20 мыңға жетті. Жалпы, Үндістанда 1 млн тоғыз жүз мың адам коронавирус жұқтырған. Ел қауіпті дертпен арпалысып жатқанда, жығылған үстіне жұдырық болып науқастар жатқан аурухана өртенді. Сөйтіп, Үндістанның батысындағы Ахмедабадта қызыл жалын 8 адамның өмірін қиды. 35 науқас өзге ауруханаға көшірілді. Өрт сымдардың тұйықталуынан шыққан.

Раджив Кумар, Гуджарат штаты үкіметінің өкілі:

- Өрт шыққанда медициналық қызметкерлердің өздері өшірмек болған. Өкінішке орай, жансақтау бөлімінде жатқан 8 науқас көз жұмды. Бір қызметкердің денесін күйік шалды.   

Жалпы соңғы уақытта вирусты жұқтырғандар саны артқанын айттық. Соның ішінде жастар арасында коронавирус жұқтыру дерегі 3 есе көбейген. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлайды. 24 ақпан мен 12 шілде аралығында дертке ұшыраған жастардың саны 4 жарым  проценттен 15 процентке дейін артқан. Өйткені олар егде жастағы адамдарға қарағанда тәртіпке бағына бермейді. Маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау секілді қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Сондай-ақ түнгі клуб пен жағажайда көп жүретін де жастар. Соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар арасында жастардың көбеюі Испания мен Францияда байқалып отыр.

БЛИЦ:

- Мен барғанда көбінің ара қашықтықты сақтамай, бір-біріне тым жақын отыратынын көріп жүрмін.

- Негізі сақтық шараларына тек жастар ғана жауапсыз қарайды деуге болмайды. Ол дұрыс емес. Иә, әдетте сауық кештерін жастар жағы ұйымдастырады. Дегенмен, бұл мәселеге жауапсыз қарайтын үлкен кісілер де баршылық.

Хабар 24 телеарнасы