431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда алдағы оқу жылына дайындық қалай

  • 304
  • UPD: 09:39, 07.08.2020

Өзбекстан жаңа оқу жылын бастаудың үш жолын әзірлеп қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде жергілікті билік мектепке барып оқуды да, қашықтан білім алуды да қарастырып жатыр. Биыл көрші елде білім ордасына 6 млн-нан астам оқушы оралуы тиіс.

Жасын Біркенов, тілші:

– «Жаңа оқу жылын қалай бастаймыз» деген сұрақтың кілтін қазір Халықтық білім беру және Денсаулық сақтау министрліктері іздеп жатыр. Оқушыларды оқытудың әзірге үш амалын қарастырып қойған.

Егер елдегі эпидемиялогиялық ахуал тұрақталып, есесіне коронавирус жұқтыру қарқыны төмендесе, онда бірінші қыркүйек күні барлық мектептің есігі ашылады. Жергілікті биліктің пайымынша, үлкендерге қарағанда балалардың жұқпалы індетті жұқтырып алу қауіпі төмен. Ал дүниені дүрліктірген дерт өршуін күзге қарай тоқтатпаса, онда тәлімгерлерді қашықтан оқытуға тура келеді.

Лайло Рустамова, Өзбекстан халықтық білім беру министрінің баспасөз хатшысы:

– Онлайн сабақтарды көктемдегідей телеарналардан өткіземіз. Бұл жолы да балаларға гаджеттер мен ноутбуктердің қажеті жоқ. Жалпы, каникул кезінде де онлайн сабақтар көрсетіліп еді. Бұл қосымша дәрістер болатын.

Оқу жылын бастаудың тағы бір сценариі қаралып жатыр. Мектепте оқуға рұқсат берілсе де, ата-аналар балаларын үйде қалдыруға құқылы болмақ. Бұл кезде оқушылар сабаққа онлайн қатысады.

Лайло Рустамова, Өзбекстан халықтық білім беру министрінің баспасөз хатшысы:

– Карантинді алып тастаса да, онлайн сабақтар жалғаса бермек. Бала мектепке барып оқып келсе де, ол үйінде де телесабақтар арқылы білімін жетілдіре алады. Ал ұстаздар үшін бұл білікті мамандардан біліктілігін арттыру үшін жақсы мүмкіндік болмақ.

Қайткенмен де, қорытынды шешімді арнайы республикалық комиссия қабылдайды. Бірінші қыркүйек күні Өзбекстанда 6 млн-нан астам оқушы мектепке баратынын айтып кету керек. Ал білім ұясының табалдырығын алғаш рет 650 мыңдай бала аттамақ.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

 

 

Хабар 24 телеарнасы