417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ливан билігі Бейрутте болған жойқын жарылыстың ресми себебін мәлімдеді

  • 523
  • UPD: 21:37, 07.08.2020

Ливан Ішкі істер министрлігі Бейрутте болған жойқын жарылыстың ресми себебін мәлімдеді, хабарлайды «Хабар 24».

2750 тонна аммиак селитрасының жарылуына қоймада жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары себеп болған. Бұл іске қатысты кемежайдың 16 қызметкері ұсталды. Жарылыстан енді есін жиған жұрт билік саясатына қарсы шығып, тәртіп сақшылармен қақтығысып қалды.

Демек, ел астанасында жарылысқа дейінгі наразылық акцияларының қайта басталғаны ма?

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Ол кезде ереуілшілер биліктен елдегі жағдайды жақсартуды сұраған еді. Ал бұл ереуілдер билікке кінә тағуға бағытталған.

140-тан астам адамның өлімі мен бес мың тұрғынның жарақат алғанына билік кінәлі. Осындай ұранмен Ливан астанасында өткен түні ереуілдер өтті. Жиылған жүзден астам жұрт билік саясатын қатаң сынға алды. Ереуілшілер «қалалық кемежайдағы бір емес екі жойқын жарылыс саясаткерлердің қол қусырып алты жыл бойы қарап отыруынан», дейді. Наразылық акциясы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты.

Бұл арада ел билігі тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары іске қатысы бар теңіз айлағының 16 қызметкерін ұстапты. Оның қатарында кемежай директоры да бар. Тағы 20 қызметкерден жауап алынып жатыр. Бұған дейін билік кемежай басшыларының барлығын үй қамағына жіберген болатын. Аталған шараларға қарамастан, тұрғындардың ашу-ызасы басылмады. Көшеде көрген саясаткерлеріне су шашып, балағаттап жатыр. Осылайша, сыртқа шыққан Әділет министрі халықтың қаһарына ұшырады.

Жарылысқа себеп болған аммиак селитрасы Бейруттегі кемежайда алты жылға жуық уақыт сақталған. Жүк Ресей азаматына тиесілі кемеден 2014 жылы тәркіленген. Химикат сол жылы Мозамбикке жеткізілуі керек болған. Бірақ кеме сынып, Бейруттегі кемежайға тоқтайды. Онда тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін экипаж мүшелері тұтқындалады. Тәркіленген 3 мың тоннадай селитра Ливан көлік министрілігінің жауапкершілігімен қоймаға түсіріледі. 2014 жылы Бейрутке осы химикатты жеткізген кеменің экс-капитаны Борис Прокошев қауіпті жүктің сақталу ережесі бұзылғанын айтады.  

Борис Прокошев, MV Rhosus кемесінің бұрынғы капитаны:

Мен, әрине, жарылыстың неден шыққанын білмеймін. Бірақ қауіпті заттың осыншама уақыт қоймада тұрғанына таң қалдым. Біз кемежайға келген соң жүк иесі өз тауарын 10 айдай іздемеген. Сондықтан ол 2014 немесе 2015 жылы қоймаға түсірілді. Содан бері аммиак селитрасын қауіпті жүк деп тіркелмеген. Болмаса, химикатты қаладан алыс жерге көшіру керек еді.

Бұл арада Бейрутте іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккен аудандарды қирандылардан тазалауға жергілікті тұрғындар да қосылған. Еріктілер өз жақындарын, туыстарын тауып аламын ба деген үмітте. Айта кетейік, ондаған тұрғын жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен.

Апаттан кейін Бейрутке Франция президенті Эммануэль Макрон барып қайтты. Әріптесі Мишель Аунмен кездесіп, жарылыс себебін анықтау үшін халықаралық тергеу тобын құратынын айтты. Сондай-ақ апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қаржы жинау басталғанын мәлімдеді. Макрон ел билігін саяси әрі экономикалық реформа өткізуге шақырды.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

Ливан халқына көмек көрсету мақсатында әрі өз тілектестігімді білдіру үшін келдім. Жуырда аймаққа гуманитарлық жүк тиелген 3 ұшақ пен құтқарушылар жіберілді. «Көп жұмылса, көл» демекші алдағы уақытта да Еуропа елдері мен өзге де мемлекеттер жәрдемдесетін болады.

Қайғылы оқиға әлем жұртшылығының қабырғасын қайыстырғаны сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», деп әлем елдері бірден әлеуметтік көмек жолдауға кірісті. Бейрутте жарылыстан кейінгі экологияны зерттеу үшін Италия өз сарапшыларын жіберді. Мәскеуден 150 адамнан құралған, дәрігер, құтқарушы, психолагтар барды. Иран, Түркия қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған әлеуметтік көмекті аттандырды.

Хабар 24 телеарнасы