428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританияда жұмыссыздар саны екі есе артуы мүмкін

  • 291
  • UPD: 21:53, 08.08.2020

Ұлыбритания экономикасының қайта қалпына келуі үшін бұрын жоспарлағаннан да көбірек уақыт қажет болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Англия банкі осылай дейді.

Болжам бойынша, экономика дағдарысы мен ішкі жалпы өнім деңгейі рекордтық көрсеткіштерге дейін құлдырамақ, ал жұмыссыздық екі есе артуы мүмкін. деген сауалға лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы жауап іздеп көрді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Бұрын кісі арылмайтын Лондон көшелері қазір тым-тырыс. Халықаралық қаржы орталығы «коронадағдарыстан» әлі есін жиған жоқ. Әсіресе, қызмет көрсету саласындағы бизнес зардап шекті. Локдауннан кейін ашыламыз деген көптеген мекемелердің үміті ақталмады. Кейбірі өздерін банкротпыз деп жариялап, қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырып жатыр.

Экономистер болса, «күйреу» сөзін эвфемизммен ауыстырып әлек, яғни мағынасын жұмсартуға тырысып бағуда. «Құрылымдық өзгеріс» деп атағылары келеді. Англия банкінің басшылығы қиындықтың көкесі әлі алда деп отыр.

Эндрю Бейли, Англия банкінің басқарушысы:

– Меніңше, «Ковид» туғызған дағдарыстан кейін экономика құрылымдық өзгеріске ұшырайды. Болашақта экономиканың кейбір бөліктері тиімсіз болып қала бере ме деп ойлаймын.

Шынымен де, кісі сескенетін дерек көп. Болжам бойынша, 2020 жылы экономика 9,5% құлдырап, жыл соңында жұмыссыздық 7,5%, яғни екі есе артады. Ішкі жалпы өнім 1921 жылдан бері болмаған көрсеткішке дейін төмендемек.

Лондон орталығы. Турист тасымалымен айналысатын автобустардың жүргізушілері Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналып, наразылық шарасына қатысты. Олар үкіметтен пандемия кезінде қатты зардап шеккен туристік индустрияны қолдауды талап етуде.

Дженна Раш, «Үміт дабылы» қозғалысының белсендісі:

– Автобустардың 98% наурыз айынан бері жұмысқа шыққан жоқ. Жылдың соңына дейін жағдай өзгермеуі мүмкін. Біз маусымдық  индустрияның өкілдеріміз және негізінен жазда ғана ақша табамыз. Осы уақыт талығында бізде кіріс болмады. Компаниялардың ешбірі аман қалады деп оламаймын.

Жыл соңында Ұлыбритания Еуроодақпен түпкілікті қош айтысуы керек.  Экономистердің пайымдауынша, Лондонның Брюссельмен ортақ келісімге келуі  екіталай және ымырасыз Брекзиттің ауылы алыс емес. Коронадағдарыс пен  Брекзит Біріккен Корольдіктің экономикасына жан-жақтан соққы беруі ықтимал деп сескенеді олар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы