428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістанда ер мен әйел арасындағы теңдік үшін алғашқы қадам жасалды

  • 221
  • UPD: 22:11, 09.08.2020

Үндістанда әйел сұлбасы салынған бағдаршамдар пайда болды. Алайда әзірге олар Мумбаидың 100 көшесіне ғана орнатылған. Ал ай соңына дейін бұл бастаманы Үндістанның өзге де ірі қалалары да қолға алмақ. Белсенділер мұны гендерлік теңдік жолындағы алғашқы қадамдар деп санайды. 

Биылға дейін Үндістан билігі әйелдердің теңдігі үшін күресте аса белсенді емес еді. Алайда осы жылы депутаттар бұл мәселені мықтап қолға алғандай. Бір қарағанда гендерлік теңдікті көрсететін бағдаршамдар орнату түкке тұрғысыз инновация болып көрінеді. Алайда аталған жоба қалалық Culture Spine бағдарламасына кіреді. Ол Махараштра штатының туризм және қоршаған орта министрінің жеке бақылауында.

Сону Манн, заңгер, қоғам белсендісі: 

- Бұл бастама бірінші кезекте жасөспірімдер мен кішкентай қыздарға бағытталған. Өйткені бағдаршамнан әйел адамның сұлбасын көрген кезде балалар нәзік жандылардың да қоғамның бір бөлігі екенін түсінеді. Жалпы көптеген отбасыда әйелдердің ролі төмен, екінші орында тұрады. Олай болмауы керек. Оны қыздар кішкентайынан түсінгені аса маңызды. 

Әйел сұлбасы көрінетін бағдаршамдар алғаш рет 1996 жылы Германияда пайда болды. Кейін бүкіл әлемге тарап, енді міне Үнді жеріне де жетті. Осыған байланысты белсенділер «билік бұл бағытта қолға алынған жұмыстарды соңына дейін жеткізеді» деп үміттенеді. Жалпы үнді әлеуметтанушыларының дерегінше, елде әр сағат сайын нәзік жандыларға қарсы 40 қылмыс жасалады екен. Бұған қоса 2018 жылы Үндістан әлемдегі ең қауіпсіз мемлекет атанған болатын.

Мұхаммед Махалуван, әлеуметтанушы:

- Көп жағдайда әйелдерге қатысты нәпсіқұмарлық сипаттағы қылмыстар жасалады. Ал кемсіту мен ұрып соғу кей жерлерде тіпті әдеттегі нәрсеге айналған. Оған бірнеше себеп бар: біріншіден, патриархат тамырын тереңге жайған. Екіншіден, ер адамдардың саны басым. Сонымен қатар құқық жүйесіндегі кемшіл тұстар. Дәл осы олқылықтың орнын толтырумен белсенділер бірнеше жыл бойы күресіп келеді.

Жалпы Үндістан билігі әйел теңдігі мәселесіне 2012 жылдан бастап көңіл бөле бастады. Содан бері жынысына қарай кемсітушілік мәселесі мен тәрбие ісіндегі қиындықтар жайлы тек Болливуд жұлдыздары ғана емес, саясаткерлер де ашық айтып келеді. Елде жыныстық зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатаңдады. Белсенділер мұнымен шектелмей, енді ерлер мен әйелдер арасындағы теңдіктің шағын елді мекендерде де сақталуы үшін күреспек.

Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан мен Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы