428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехияда туризм саласы толықтай тұралады

  • 150
  • UPD: 22:13, 09.08.2020

Чехияда қазір туризм саласы қиын кезеңді бастан өткеруде. Коронавирус кесірінен елге ағылатын қонақтар саны 94 процентке азайған. Індеттің зардабын ең көп шегіп отырған ел астанасы Прага. Жыл сайын жүз мыңдап қонақ қабылдайтын шаһарда қазір туристер жоқтың қасы.

Туризм маусымының ашылуын чехтер секілді ешкім күтпеген шығар. Карантин режимі аяқталмай жатып, жергілікті компаниялар клиент тартудың амалына кірісті. Бірақ қанша тырысып баққанымен, қыдырып келушілер аз. 

Яромир Ковач, туристік компанияның қаржылық кеңесшісі:

- Індеттен ең көп Прага зардап шекті. Мәселен, өткен жылы дәл осы уақытта қонақ үйлердің бәрі туристерге лық толы болса, биыл көбі банкротқа ұшыраған. Тағы бір мысал: былтыр ел астанасына 1 жарым миллиондай адам қыдырып келсе, бүгінде Прага қонақ үйлері мен пансионаттарында шамамен  130 мыңдай ғана турист бар. Осыдан саланың миллиондаған шығынға батқанын байқауға болады. 

Соңғы рет чехиялық туроператорлар мұндай жағдайға 15 жыл бұрын тап болды. Ол кезде жүздеген оператор банкротқа ұшыраған еді. Ал аман қалғандарының қайта қалыпқа келуіне бірнеше жыл кетті. Бірақ биылғы ахуал одан да ауыр болуы мүмкін. Себебі табыс жоқтың қасы. Әлеуметтанушылардың дерегінше, әуе билеттерінің сатылымы 86 процентке азайған. 

Радко Иргл, статистика департаментінің өкілі:

- Туризмнің тұралап қалуы экономиканың басқа да салаларына кері әсерін тигізді. Қазір қонақ үйлер мен музейлер өлместің күнін кешіп жатыр. Себебі кіріс кем дегенде 50 процентке қысқарған. Қоғамдық тамақтану орындарының да жағдайы мәз емес. Мұнда табыс екі есеге азайса, қонақ үйлерінікі 4 есеге кеміген. 

Сондықтан болар, кей бизнесмендер осы маусымда табыс табудан күдер үзген. Бірақ ел билігі сала қызметкерлерін қолдап, субсидия бөлуге уәде беріп отыр. Енді туроператорлардың бар үміті, сол күнге дейін аман жету.

Авторлары: Александр Грэс, Дмитрий Лукша және Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы