426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы Түркияда кеңінен атап өтілуде

  • 524
  • UPD: 20:31, 10.08.2020

Дарабоз данышпанмыз Абай Құнанбайұлын түрік бауырлар ерекше құрметтейді.

Сондықтан да ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы Түркияда кеңінен атап өтілуде, хабарлайды «Хабар 24».

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анкараның қақ төрінде Абайдың еңселі ескерткіші бой көтерген. 1995 жылы ашылған ескерткіш ешқашан елеусіз қалған емес. Хакім Абайдың туған күні жыл сайын атап өтіліп, зиялы қауым мен Анкара тұрғындары гүл шоқтарын қояды. Биыл да данышпан ақынымыз айрықша ардақталды. Түркі әлемінің халықаралық мәдени ұйымы ТҮРКСОЙ мен Анкараның Кечиөрен муниципалитеті басшылары Абай күніне арналған шаралар тізбесін ақын ескерткішінен бастады. Ақын рухына тағзым етуден басталған мерейтой күні бойы жалғасты.

Тургут Алтынок, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы:

- Уақыт өтер, замана көшер. Бірақ ұлт тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар бар. Сөзіміздің дәйектей түссек, мемлекет тарихында таңбаланған тұлғалар аз емес. Абай солардың бірі де бірегейі. Қиын қыстау кезеңде Абайдың байтақ мұрасының арқасында қазақ халқының ұлттық болмысы сақталды. Сол үшін де Абайдың орны айрықша.

Абай күніне арналған ілкімді істер жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімімен мазмұнда түсті. ТҮРКСОЙ-дың мұрындық болуымен әзербайжандық ғалым Эльван Гулиевтің «Абай Құнанбай» кітабы таныстырылды. Онлайн өткен шарада зиялы қауым өкілдері мен Абайтанушы ғалымдар ой толғады.

Эльван Гулиев, автор:

- Абай Құнанбайұлы – түркі дүниесіне ортақ кемеңгер. Мен ақын шығармашылығымен ширек ғасырдан бері шұғылданып келемін. 90-жылдарда мен түркі тілдес елдердің әдеби мәселелерін зерттей бастадым. Ізденіс нәтижесінде Абай мұрасымен таныстым. Ақын шығармашылығы мені әуел бастан қызықтырды. Ұзақ ізденістің нәтижесінде, бүгін тұсауы кесілген «Абай Құнанбайұлы» зерттеу еңбегім жарық көрді. Мерейтойға тарту етер еңбегім Абайтану қоржынына қосылады деп үміттенемін.

Ақыл ой алыбының абыройын асқақтатқан және бір маңызды шаруа жүзеге асты. Қазақстанда дүниеге келіп, қазіргі таңда Түркияға қоныстанған қандастарымыз Абай Құнанбайұлына арналған бейнебаян түсірді.

Анар Байжанова, ұйымдастырушы:

- Ойшылымыздың 175 жылдығына үлкен шаралар жоспарлаған едік. Өкінішке орай, коронавирус індеті бұған тосқауыл болды. Дегенмен, мемлекеттік күнді елеусіз қалдырғымыз келмеді. Ыстамбұл консулдығының қолдауымен рұқсат алып, шаҺардың әсем жерлерінде бейнебаян түсірдік.

Абай әлеміне Анадолылық ағайын дүркін-дүркін ат басын тірейді. Түркиялық ғалымдар Абай сырына үңіліп, Абай жұмбағын зерделейді. Жылдар бедерінде көптеген зерттеу еңбектері жарық көрді, келешекте де ізденістер ілгерілеп, құнды еңбектердің қатары көбейетін болады. Бауырлас елде Абай мектебі мен қос бірдей ескерткіші бар. Ақынның ардақты есімі бірнеше қаланың көшесі мен даңғылына берілген. Абай даңғылымен адымдаған азаматтар кемеңгердің көркем ойларынан қуат алатыны сөзсіз.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы