424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: әлемдегі ахуал

  • 198
  • UPD: 22:00, 11.08.2020

Індет әлем бойынша әлі таралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дүние жүзінде соңғы бір күнде дертке 253 мыңнан астам адам шалдығып, 5 мыңнан аса науқас көз жұмған. Халықаралық құрылым індетпен күрес саябырласа ол қайта өршіп, екінші толқыны болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. 

Майк Райан, ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры:

– Жалпы, кез келген вирусты бақылау шаралары төмендетілсе індет қайта тарап, маусымдық өршуге ұласуы мүмкін. Мысал ретінде тұмауды айтуға болады. Бірақ коронавирустың әзірге мұндай маусымдық өршуі сияқты белгілері байқалған жоқ. Бірақ онымен күрес бәсеңдесе, ол қайта күшеюі мүмкін екені анық.

Ал коронавирусты жұқтырғандар бойынша АҚШ, Бразилия, Үндістан және Ресей көш бастап тұр. Құрама Штаттарда дертке шалдыққандар 5 миллион 90 мыңға жуықтаған. Дерттен 160 мыңнан астам науқас көз жұмған. Шілде айында кей штаттарда сабақтар басталып, балалардың ауруға шалдығу оқиғалары көбейген.

Бразилияда дертті жұқтырғандар 3 миллионнан асқан. Елде кеселдің кеңінен етек жайғанына қарамастан, мейрамхана мен дәмханалар жұмыс істеп тұр. Қоғамдық орындарда адамдардың қарасы қалың. Сарапшылардың сөзінше, Бразилияда індет әлі де шарықтау шегіне жеткен жоқ.

Роберто Медронхо, жұқпалы аурулар жөніндегі маман:

– Бразилияда коронавирустан қаза тапқандардың саны 100 мыңнан асты. Мұндай қайғылы жағдай дерттің аса жұқпалы болуынан ғана емес, елде федералдық биліктің індетпен дұрыс күреспеуінен деп санаймын.

Індет Еуропаның кей елдерінде де қайта күшейіп жатыр. Мысалы, Испанияда соңғы бір күнде 1 мың адамнан қауіпті инфекция табылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Испанияда індеттің екінші толқыны басталған. Осыған байланысты билік қайтадан шектеу шараларын енгізе бастады. Ал Франция астанасы Парижде індеттің таралуын болдырмас үшін  шаһардың кей аудандарында бетперде тағып жүру қайта міндеттелді. 

Делфин, жергілікті тұрғын:

– Менің ойымша, далада кей ауданда бетперде тағып жүру туралы шешім дұрыс. Бұл дертті жұқтырудан сақтайды.  Себебі кей жерде адамдар өте көп болады.

Ал коронавирусты жұқтырғандар саны 900 мыңға жуықтаған Ресейде алғашқы вакцина жасап шығарып бітті. Бұл туралы осы елдің президенті Владимир Путин үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы дайындаған екпе барлық тексерістен өткен. Вакцинаны жаппай шығару жуық арада басталмақ.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Бүгін коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина дайындалып, тіркелді. Денсаулық сақтау министрі ол туралы толығырақ мәлімдейтін болады. Менің білетінім, жаңа препарат адам ағзасында коронавирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптасырып, өте тиімділігін көрсеткен.

Осылайша әлем елдері қауіпті дерттің таралуына күресті жалғастыруда. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы індетпен күресті бәсеңдетпеуге шақырып отыр.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

Хабар 24 телеарнасы